Антикордың бұрынғы орынбасарының іздеуде жүрген інісі ұсталды

Қаракөз Амантай 10 жел. 2024 10:03 768

Шымкенттегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Дәуренбек Қожабаев ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Антикор оның Шымкенттегі орта мектептердің бірінің директорын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін пара алды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. БАҚ деректеріне сәйкес, Дәуренбек Қожабаев Антикор басшысының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың інісі. Мақсат Қожабаев 2023 жылдың қарашасында алаяқтық жасағаны үшін сотталып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын.

"Дәуренбек Қожабаевқа тергеуден жасырынуына байланысты халықаралық іздеу жарияланды. 30 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ол ұсталып, тергеу изоляторына қамалды", – деп хабарлады Антикор.

Еске салайық, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаев ұсталған еді.

"2023 жылдың 9 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу шеңберінде жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен құқық қорғау органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Мақсат Қожабаевты ұстады", - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан ақпаратта.

Мақсат Қожабаев 2021 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Ол бұл қызметті 2022 жылдың сәуіріне дейін атқарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар