Әншілер орыстілді радиолармен күресуі керек

Dalanews 16 мам. 2016 21:32 1289

Қазіргі таңде елге ең танымал тұлғалар – әншілер. Күні кеше ғана жер мәселесі туындағанда халық олардың бұл дауға қатысты үн қатуын күтті. Мұны сезген Сәкен Майғазиев, Бекжан Тұрыс сынды ұлтжанды азаматтар бірқатар әріптестерімен 31 телеарна арқылы өз ойларын білдіріп, азаматтық позициясын аңғартты. Мемлекетіміздің нығайып, қазақ тілі тұғырына қонған сайын қазақ тілінде ән салатын өнерпаздардың абыройы артып, табысы еселене түсетіні белгілі. Бірақ көп жағдайда отандық шоу-бизнес өкілдері өз мүдделерін қорғай алмай жататыны да жасырын емес.

radio kaz dalanewsҚазіргі таңда еліміздегі жетекші арналардың бәрінде қазақ тілінде шоу-бағдарламалар бар. Бәрі заңда көрсетілген тілдік норманы сақтап отырғанына дауымыз жоқ. Отандық телеарналардың тілдік норманы сақтау мәселесі бірінші кезекте, қазақ әншілерінің халыққа барынша танылуына жол ашқаны сөзсіз.

Егер телеарналар баяғыдай қазақ әншілерінің бейнебаяндарын жарым түнде берген болса, біздің әншілеріміз қазіргі биігіне көтерілмес еді.

О баста электронды БАҚ-тың тілдік норманы сақтауына әншілердің қандайда бір ықпалы болды деп айту қиын. Бірақ бұдан қазақ әншілерінің тіл мәселесіне жаны ауырмайды деп байлам жасай алмаймыз. Атқарушы биліктен ақпарат құралдарында тілдік норманы сақталуының талап етуде ұлт зиялыларының еңбегі зор болды. Осылайша ұлт зиялылары тіл үшін күресуде өнерпаздарға үлгі-өнеге көрсете білді.

Қазір қазақ өнерін еркін насихаттаудың заңнамалық базасы қалыптасқан. Тілдік норманы телеарналар толықтай сақтап отыр. Керек десеңіз, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тек қана қазақ тілінде ақпарат тарататын деңгейге жетті. Бұл үшін Үкімет пен Ұлттық арнаға алғыс айтамыз. Бізді мазалаған басқа мәселе.

Бүгінде тілдік норманы еліміздегі бірқатар радиолар тиісті деңгейінде сақтамауда. Олар қазақ әншілерінің әндерін түн ауған сәтте беріп, тіл заңына жүрдім-бардым қарап келеді. Елімізде хабар тарататын «Русская радио», «NS радио», «Ретро FM» секілді радиостансалар қазақ тіліндегі уақыттарын түнде қазақ әндерін беріп, толтыруда. Орыс тіліне бүйрегі бұрып тұратын радиоларда жібі түзу хабарлардың жоқтығы да жанымызға батады. Бұл ретте өзге радиостансалар «Қазақ радиосынан» үлгі алса орынды болар еді.

Түн ортасы ауғанда қазақша сөйлейтін радиостансалардағы бағдарламалардың сапасы да сын көтермейді.

Қазір мұндай радиостансалардың іс-әрекеті қоғам назарынан тысқары қалуда. Негізгі арналар мен жетекші арналар қазақ тілінде хабар таратқаннан кейін оларға тіл жанашырлары көп мән бермеуде.

«Тіл туралы» заңда көрсетілген нормаларды басшылыққа алып, орыс тілінде хабар таратуға бейім радиостансалардың қазақ тілінде сапалы хабарлар дайындауын кім қадағалауы керек. Әрине, бұл істе жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігі белсенділік танытуы тиіс.

Бірақ бұл мәселе бойынша қадағалаушы органнан гөрі қоғам тарапынан талап қойылуы керек сияқты. Бұл ретте әнші-әртістер белсенділік танытуы қажет. Олар «Тіл туралы» заңдағы тілдік норманы сақтауды талап етіп, жарым түнде қазақ тілінде ән беретін радиостансаларға өздерінің талабын қоятын кез жетті.

Егер бұл іспен Ақпарат және коммуникация министрлігі айналысса, орыстілді әріптестеріміз «сөз бостандығына қысым жасалынып жатыр» деп байбалам салуы мүмкін. Сол себепті бұл бағытта еліміздегі әнші-әртістердің белсенді әрекетке көшуі маңызды. Өйткені, прайм-тайм уақытта бірқатар радиостансалардың орыс, ағылшын тілінде емес, қазақ тілінде ән беруі бірінші кезекте әншілер мен әртістерге қажет. Сондықтан әншілеріміз орыстілді радиолар өздерінің заңдық мүддесін тиісті деңгейде орындауы үшін күресуі керек.

Бүгінде еліміздегі кейбір радиолар Ресей әншілерімен бірлесіп, Алматы мен Астанада ірі концерттер ұйымдастыруға құмар. Әрине, оларға атқарушы билік шетелден әнші шақырып, концерт ұйымдастырмаңдар деп талап қоя алмайды.

Тек әншілеріміз ғана Ресей мен Батысқа қарап, бағытын айқындайтын радиостансаларға қатаң талап қоятын қақысы бар. Өйткені, олардың бұл нарықта есесі кетіп жатыр. Орыс әншілері қазақ өнерпаздарының аузындағы ырысын жырып әкетуде.

Қарапайым ғана мысал. Еуразиялық одақ шеңберінде жұмыс істейтін Қазақстан мен Ресейдің зауыттары өз тұтынушыларын сақтап қалуы үшін жан аямай күреседі ғой. Сол сияқты қазақ әншілері де той-томалақтан тапқан табысына малданбай, ресейлік әртістерге есесін жібермеу үшін әрекет ететін кез жетті деп есептейміз.

Қажет болса отандық шоу-бизнес өкілдері Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан бұл бағытта арнайы заң қабылдап, өзге елдің әншілері елімізге келіп қыруар ақша тапса, соның біраз бөлігін мемлекеттік бюджетке салық ретінде төлеуге мәжбүрлейтін тиісті құқықтық норма қабылдауын талап етуі тиіс. Осылайша қазақ әншілері өз салалары бойынша әрекет етіп, қазақ тілінің тұғырына қонуына үлестерін қосуы қажет.

saken dalanewsБұл ретте Тимати және Нюшамен қосылып ән шырқайтын Қайрат Нұртасқа үміт арта алмаймыз. Қайта өткен жылы «МУЗ-ТВ 2015. Гравитация» байқауында әлеуметтік желіде: «Ойлаңызшы, «Гәкку» телеарнасы Бакуге, Тбилисиге, болмаса Варшаваға барып осындай шара жасай алар ма еді? Олар кіргізбейді. Аумақ, территория, әр халықтың өзіндік жеке мәдени кеңістігі деген нәрсе бар. Менің, МузАРТ-тың айтары мынау: Қазаққа пайдаң тимесе, жөніңе жүр, зияның тимесін!» деп Сәкен Майғазиев ойын ашық айтқаны есімізде. Сондықтан бұл іске Сәкен сынды жігіттер бастамашы болуы керек. Бұл ретте оларға Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева сынды салмақты әншілеріміз үн қосса, Арыстанбек Мұхамедиұлы «өнер саңлақтарының талабы осындай» деп әрекет етуі мүмкін. Өйткені қазіргі қазақ қоғамында ең танымал топ – шоу-бизнес өкілдері екені сөзсіз. Өз кезегінде олардың талабын қазақтілді аудиторияның қолдайтыны да анық.

Күні кеше ғана жер мәселесі талқыға түскенде Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира ханым өзінің әлеуметтік желіде қарапайым адамдар жерге қатысты үн қатуын өтінгенін айтты. Шындығында, Гүлзира ханым жерге қатысты бәлен деп пікір айтатындай ауыл шаруашылығы маманы емес қой. Бірақ, халық назарында жүрген адамдардың бұл мәселеде өз ойын айтқанын қалайды. Бұдан шығатын қорытынды, елімізде қазақ әншілері ықпалды күшке айналғанын байқаймыз.

Егер әншілеріміз көпшілік алдында зор беделге ие болмаса, күні кеше ғана өткен кезектен тыс Парламенті Мәжілісінің сайлауында «Нұр Отан» партиясы Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова сынды жас әншілерді үгіт-насихат жұмысына тартпас еді. Осы бір қарапайым жайттардан-ақ қазақ әншілерінің қандай ықпалды топқа айналғанын бағамдауға болады. Қазір мүйізі қарағайдай ақын-жазушы, академиктен гөрі Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлінің атағы жер жарып тұр. Алдағы уақытта біздің әншілер өздерінің танымалдығын орыс тілінде хабар таратуға бейім радиолармен қазақ тілінің мүддесі үшін күресуге бағыттаса, орынды болар еді. Осылайша орыс тілінде хабар таратып, көрші елдің өнерін ұлықтайтын радиоларға тұсау салған абзал.

Жарбол КЕНТҰЛЫ 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар