Амандық Баталов: «Баяу жүріспен іс өнбейді. Істі ширатыңдар!»

Dalanews 03 мау. 2019 05:40 868

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласын газдандыру ісін қатаң сынға алды. Сол сияқты сала жетекшілерінің орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған, әлі күнге пәтерлерінде от жағып отырған бірқатар көп қабатты үйлердің мәселесін шешуде шабандық көрсетіп отырғанын да қадап айтты. Бұл мәселелер өңірдің 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралған облыс әкімдігінің отырысында көтерілді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, 2018-2019 жылдарғы жылыту маусымы аяқтала салысымен алдағы 2019-2020 жылдарғы жылыту маусымына дайындық басталып, оған 10,3 млрд. теңге бөлінген. Жалпы облыс халқының көмірге қажеттілігі 1,7 млн. тоннаны құрайды. Биылғы жылы көмір жетіспеушілігін болдырмау және бағаны негізсіз өсірмеу үшін Шұбаркөл және Қаражыра разрездерінен бірыңғай оператор қызметі бойынша көмірді тікелей жеткізетін екі компания айқындалды. Бекітілген кестеге сәйкес маусымнан бастап тасымалдана бастайды. Биылғы жылы өңірде 14,8 шақырымнан астам жылумен қамту жүйесі салынып, жаңғыртылады. Алдағы үш жылға 212 көп қабатты тұрғын үйді 56 блок-модульді газбен жылытылатын қазандық орнату арқылы жылыту жүйесіне қосу жоспары әзірленді. Биылғы жылы соның ішінде 88 көп қабатты тұрғын үй үшін 16 БМҚ салу жоспарланып отыр.

А. Байжановтың мәліметіне сүйенсек, облыста газбен қамтуға жататын 474 елді мекен болса, соның 142-сі газдандырылған. Бүгінгі күнге елді мекендерді көгілдір отынмен қамту деңгейі 30%-ға жеткен. Ал биылғы жылғы меже – бұл көрсеткішті 35%-ға көтеруді көздеп отыр. Алдағы уақытта Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 74 елді мекенін газдандыру үшін «Үшарал» АГТС-імен «Талдықорған – Үшарал» МГ құрылысының ЖСҚ дайындау басталды, оған облыстық бюджеттен 150 млн. теңге бөлінген. Қазір Талдықорған қаласында көгілдір отынға қосылған абоненттер саны – 3700, ал жыл соңына дейін газбен қамтылғандар санын 5500-ге жеткізу жоспарланған.

Облыс әкімі Талғар және Қарасай аудандарындағы көп қабатты тұрғын үйлерді жылыту жүйесіне қосу жұмысының жайын сұрады. Орынбасарының жауабына көңілі толмаған А. Баталов: «Жылыту жүйесіне қосылмаған көп қабатты үйлерді түгел қамтитындай арнайы бағдарлама жасаңдар, жұмысты жоспарлы түрде кезең-кезеңімен іске асырайық деп қанша рет айттым. Әлі күнге ондай бағдарлама туралы ұсыныстарыңды көрген жоқпын. Бұл жұмыстың жауапкершілігін сезініп жүрген жоқсыңдар!», - деп сала басшыларын тезіне алды. Талдықорған қаласын газдандыру ісінің де шабан жүріп жатқанына осы салаға жетекшілік ететін басшылардың жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырғандығынан екенін шегелеп айтты.

Мұнан соң баяндаманы талқылау үшін мінбеге қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов шақырылды. Қала әкімі өткен жылғы жылыту маусымының қорытындысымен таныстырып, алдағы міндеттерге тоқталды. Жылумен, сумен және электрмен қамту жүйелерінің дайындығы, отын жеткізу, газдандыру барысы туралы айтып берді.

Облыс әкімі «Басқуат» қазандығының қазіргі жай-күйі, газға қосу мүмкіндіктері туралы сұрады. Талдықорған қаласының жылыту маусымын ойдағыдай өткізуде баса мән беретін жайттарға да назар аударды. Сол сияқты тротуарлардың тазаланбайтыны туралы шағым қала тұрғындарынан көп түсетінін де еске салды.

– Қала бойынша ең алдымен газдандыру ісіне жаңа әкім ретінде белсене кірісуің керек. Мынадай баяу жүріспен іс өнбейді. Бұл істі ширақ қолға ал! – деді А. Баталов қала әкімі Ғ. Әбдірайымовқа қарата.

Сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне және сала басшыларына облыстағы жылыту маусымына білім беру және денсаулық сақтау саласы нысандарының дайындығы жіті назарда болуын тапсырды.

–Өткен жылыту маусымы ойдағыдай өтті. Дегенмен алдағы жылыту кезеңіне дайындығымыз нашар. Жедел шаралар қабылдауымыз керек. Қыс біздің сылбырлығымызды, үстірт қарағанымызды көтермейді. Сондықтан әрбір аудан, қала әкімдері өз аумақтарындағы қоймаларға көмірдің, әлеуметтік сала нысандарына қажетті отын түрлерінің дер кезінде жеткілікті деңгейде жеткізілуін қатаң қадағаласын. Көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуіміз керек, бұл да бақылауда болуы тиіс мәселе. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған көп қабатты үйлердің мәселесін күн тәртібінен түсірмей, нәтижелі шешуді тапсырамын. Талдықорған қаласының газдандырылу қарқынына көңілім толмайды, өте баяу,сондықтан осы істі ширатуды талап етемін, – деді А. Баталов.

Жиын соңында өткен жылғы жылыту кезеңінің сапалы өтуіне үлес қосқан бірқатар коммуналдық сала қызметкерлері марапатталды. Атап айтқанда Панфилов ауданы 1-ші, Қарасай ауданы – 2-ші, Алакөл үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталып, арнайы коммуналдық техникалар сыйға тартылды. Сол сияқты облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары,  бағалы сыйлықтар жылумен қамту саласы нысандарына жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамдарына берілді.



 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар