Басқосуда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:
– Сіздердің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысы кезеңімен қатар келді, соғыстан кейін де бүлінген шаруашылықты қалпына келтіріп, елдің еңсесін қайта көтердіңіздер. Сіздер қиындық пен ауыртпалықтың бәрін абыроймен жеңе білдіңіздер. Сол үшін де облысымыздың барлық ардагерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінгідей Жеңіс мейрамы қарсаңында Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, - деді.Салтанатты басқосуда ардагерлер де тілектерін білдіріп, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Олардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны ҰОС ардагері Солтанбай Жарықбасов, тыл еңбеккері, талдықорғандық Александр Мосько да бар.
Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауын сезініп отырғандарын айта келе ардагерлер осындай сый-құрметтің арқасында уақыт тезіне, сырқатқа мойымай, бойларын тік ұстап келе жатқандарын жеткізді. Жұртшылықты Ұлы Жеңіс мерекесімен және Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ашық аспан, бейбіт өмір, еліміздің өсіп-өркендеуіне тілектестіктерін білдірді.
Жалпы, Алматы облысында 190 Ұлы Отан соғысының ардагері, 13 мыңға жуық тыл ардагері бар. Жыл сайын Жеңіс күніне орай ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне облыстық бюджеттен бір реттік материалдық көмек үшін қаржы бөлінеді. Соған сәйкес биылғы жылы әр ардагерге 150 мың теңгеден берілетін болады. Сонымен қатар тегін санаторлық емделуге, коммуналдық төлемдер мен қажетті құралдармен қамтамасыз етуге қаржы қарастырылған.