Әлия Назарбаева 1,7 миллионға сатып алған зауыт миллиардқа сатылды

Көркем Алдабергенова 21 мам. 2024 11:17 4109

Қарағандыда Әлия Назарбаеваға тиесілі болған қалдықтарды өндеу зауыты 1,5 миллиард теңгеге сатылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Зауыт 2 мамырда сатылымға шыққан. "Recycling Company" ЖШС мүлкін иелену құқығына сауда-саттық жүргізілген. Сатушы – Қарағанды ​​мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.

Ғимарат 2017 жылы қолданысқа берілген. Ал 2019 жылы зауытқа оқ-дәрілер мен әскери техника шығаруға лицензиясы берілген.

Зауыттың аумағы 14,7 шаршы шақырым.

Зауытта әкімшілік ғимарат, гараж, қойма, пиролиз және балқыту цехы, ТЖО және өндірістік ғимарат бар. Ғимараттағы көліктер, вагондар мен крандарды қоса алғанда оның нарықтық құны 4,1 миллиард теңге деп бағаланған. Сонымен қатар, ЖШС-нің жарғылық капиталы 1,7 миллион теңге болған. Бірақ зауыт 1,5 миллиард теңгеге сатылған.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, ЖШС емес, ондағы мүліктер ғана сатылған.

"Бізге бұл мекеме жұмыс істеп тұрған ғимарат ретінде емес, мүлік ретінде келді. Кәсіпорында акционерлік мүлік болады. Ал ол бізге тәркіленген мүлік ретінде келді. Яғни адам қандай да бір қылмыс жасаса мүлкі тәркіленеді ғой, бұл да дәл сондай жағдай", - дейді қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Мәжіліс кулуарында.

Бірақ кәсіпорынның қанша тұратынын бағалау кезіндегі есепте ол жұмыс істеп тұрған ғимарат ретінде көрсетілген екен.

Айта кетейік, бұл зауыт 2017 жылы ашылған. Оның ашылу салтанатына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан. Бұл Орталық Азияда ашылған алғашқы компания. Зауытта сығылған брикеттерді шойын, болат, алюминий және түсті қорытпаларға айналдырылатын. Ол кезде компаниядағы бас директор Александр Рябинин болатын.

Кейіннен зауытты экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева бар болғаны 1,7 миллион теңгеге сатып алған.

Еске салайық, бұған дейін Әлия Назарбаева күзетті күшейтіп, Қарағандыдағы активін бермей қойғанын жазған едік. Қарағанды облысындағы "Recycling Сompany" ЖШС зауытында мүлікті түгендеу керек болған сот орындаушылары кәсіпорынға кіре алмай қойған. Әлия Назарбаеваға қатысы бар "ӨКМ операторының" ісі бойынша бұл зауыт мемлекет пайдасына тәркіленуі керек болған.

Қоғам белсендісі Жарқын Күрентаевтың сөзінше, 2023 жылғы шілдеде Астана соты шығарған ӨКМ операторының топ-менеджерлеріне қатысты үкімге сәйкес, "Recycling Company" ЖШС есепшотындағы қаражат, сондай-ақ кәсіпорынның өзі мемлекет пайдасына тәркіленген. Зауыт Қарағанды ​​облысындағы Доскей ауылында орналасқан және ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысады.

Биыл ақпанның соңында компанияға қатысты атқарушылық өндіріс басталды. Сот орындаушылары кәсіпорынға түгендеу жұмыстарын жүргізу үшін келгенімен, олардың зауытқа кіруіне бірнеше күн бұрын күзетшілер кедергі келтірген.

"Мемлекеттік сот орындаушылары мүлікті түгендеу және сот үкімінде көзделген басқа да қажетті қызметті жүзеге асыру үшін зауытқа кіре алмаған. Олардың айтуынша, Әлия Назарбаева ханым зауытта қауіпсіздікті күшейткен. Ал олардың заңды талаптарына қарамастан, күзетшілер оларды ішке кіргізбей қойды. Осыдан кейін сот орындаушылары прокуратурамен алдағы іс-әрекеттерін анықтау үшін Қарағандыға оралды. Прокуратура өкілі жағдайды қарап шығуға уәде берді", - дейді Жарқын Күрентаев Orda.kz-ке.

Күрентаевтың айтуынша, зауытты тәркілеуге нақты кім кедергі келтіргені белгісіз. Бірақ келесі жолы сот орындаушылар кәсіпорынға СОБР сарбаздарымен бірге бармақ - прокуратура сот орындаушыларына қолдау көрсетуге уәде берген. Компанияның мүлкін тәркілеу шаралары кейінге қалдырылып, енді 1 немесе 4 наурызда өтеді деп жоспарланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар