Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық конференция басталды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, Ә.Бөкейханның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Шара екі күнге жоспарланған. Мерейтойыдың бүгінгі бастамасы ретінде пленарлық мәжіліс болды. Жиын университет ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау сөзімен басталды. Ары қарай Сенат депутаттары мен Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі мен Түркия, Жапония елшілерінің құттықтауларымен жалғасын тапты.
Келесі кезекте ғалымдар Алашқа қатысты алуан тақырыпты баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды. Солардың қатарында мінберге шыққан Алаш зерттеушісі, ғалым Сұлтан Хан Аққұлы тың ақпараттарымен бөлісті.
Біраз бұрын, Сенат депутаттарының Ә.Бөкейханның тарихи тұлғасын көрнекілендіру бойынша үкіметке жолдаған сауалына вице-премьер Дәриға Назарбаева жауап қайтарыпты. Онда – Астана қаласының сол жағалауына орын тепкен мектептердің біріне Әлиханның атын беру, екерткішін орнату және саябақ ашу мәселесі белгіленген тәртіппен пысықталуда делінген. Мәскеу қаласындағы Ә.Бөкейханның топырағын Астанадағы ұлттық пантеонға жерлеуді пысықтау жөнінде Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті тапсырмалар берілген. Ә.Бөкейханов туралы фильм түсіру, мемориалдық кешен орнату және Қарағанды қаласының орталық көшелерінің біріне тарихи тұлғаның есімін беру жөнінде Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігіне тиісті шаралар қабылдауға байланысты тапсырмалар беріліпті.
Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында ЮНЕСКО-ның 38 сессиясында Әлихан туралы арнайы қарар қабылданған соң, Еуразия ұлттық университетінің бастамасымен елдегі алаштанушы ғалымдар бас қосып, мерейтой өткізуге байланысты ақылдасу жиынын өткізіп, жоспар белгілеген. Соған орай, Ұлттық банк тарапынан Әлиханның портреті салынған монета шығару, Қазпошта тарапынан марка әзірлеу ұсыныстары айтылған. Бүгінде пошта маркасы шығарылу үстінде екен. Ал, Ұлттық банктен әлі жауап жоқ көрінеді.
Сонымен бірге, Алматы қаласындағы, Қазақстан тарихындағы тұңғыш метрополитенге, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне немесе Астанадағы ұлттық университеттердің біріне Әлиханның есімін беру Және Әлихан туралы көп сериалы фильм түсіру ұсыныстары айтылыпты. Ғалым осы ұсыныстарды Қазақстанның ЮНЕСКО, ИСЕСКО-ның өкілдері мен Мәдениет және спорт министрлігі ескерсе деген тілегін білдірді.
Сол жақтан бірінші тұрған О.Әбдірахманов
Баяндама кезінде, «Алихан Букейхан творец истории» атты орыс тіліндегі монографияның бірінші томының тұсауы кесілді. Тұсау кесер рәсіміне Бөкейханов әулетінің ұрпағы, Әлиханның жақын туысы Ортай Әбдірахманов ақсақал шақырылды. Кітапты шығаруға қаржылай қолдау көрсеткен Әбдімәжит Сыдықбекке және осыдан біраз бұрын үш тілде шығып, Түркияның Гази университетінде тұсауы кесілген «Әлихан Бөкейхан» атты кітаптың шығуына демеушілік жасаған Жеңіс Түркия мырзаға ғалым алаштанушылар мен көпшілік атынан алғысын білдірді.
М.Алмасбек
Фото: Жандос Рахымбекұлы