Олардың уәжіне жүгінсек, қолымен жасағанын мойнымен көтеруі керек. Халықтың бәрі Рахаттың қылмыскер екенін біледі. Шетелде өткен тергеуге жұрттың көңілі сене қоймайды. Егер елге әкеліп тергесек, оның біз білмейтін талай қылмыстары ашылуы мүмкін дегенге саяды. Бұған дейін Қазақстан тарапы Австрия еліне қашқынды қайтарып беру туралы бірнеше мәрте өтініш жасаған болатын. Бірақ оған Австрия жақ келісім бермеген. Олар еліміздегі тергеудің әділ өтеріне күмән білдірген. Әлиевтің өзі де Қазақстан тарапы саяси себептермен өзін қуғындағанын бірнеше рет ескертіп, істің мәнісін басқа арнаға бұрғысы келді. Өткен жылдың маусым айында Рахат Әлиев тергеу изоляторына өзі мойынсұнды. Ол бұл қадамын тергеу жұмыстарына көмектесу деп түсіндірді. Қашып құтылмасын білді ме, әлде қуғын-сүргін жылдар ұзаққа созылған сайын пайданың болмасын сезді ме, кім білсін, Мальта жағалауынан Венаға өз аяғымен келіп, тұтқындардың қатарына қосылды. Бұған жұрттың бәрі таңырқасты. Содан бері Рахатты Қазақстанға әкелу мүмкін екенін айтып, гу-гу.
Әлиев әлемі – өте күрделі әлем. Ол талайдың аяғын шалып, бағын басынан тайдырғанымен, талайдың қолтығынан демеп, билік баспалдағында ентікпей өрлеуіне көмектескені де бесенеден белгілі. Егер Әлиев елге келсе, өзінің қолынан жем жеген топты қайта іске қосуға тырыспай тұрмайды. Қылмыстық әлемнің өз заңы бар. Олар сатқындықты кешірмейді. Оның жақсылығын көргендердің бәрі биліктен кеткен жоқ, бәрі байлығынан айырылған жоқ, бәрі түрмеге түскен жоқ.
ӘЛИЕВТІ ЕЛГЕ ӘКЕЛУ ҚАУІПТІ
Біздіңше, Р. Әлиевті Қазақстанға экстрадицияламайды.
Біріншіден, бұған Австрия жақ келіспейді. Өйткені, олар еліміздегі тергеу жүйесіне әлі де сенімсіз. Әлиевтің өз еркімен берілуінің өзінде біршама сыр бар. Ол Австрия құқық қорғаушыларымен бір байламға келмесе, өз басын ноқтаға имес еді.
Екіншіден, Қазақстан да оны елге қайтаруға соншалықты құлықты бола қоюы неғайбыл. Егер, шындаса, бұдан бұрын-ақ оны қолға түсірер еді. Елге әкелген күннің өзінде оны ұзақ жылдық қамау күтіп тұр. Бұл билік үшін де, арқаны ұзын түрлі элиталық топ үшін де қауіпті...
Себебі, Р. Әлиев ұзақ жыл биліктің әр саласында қызмет атқарған кәнігі басшы. Ол биліктегі топтардың өзара байланысын, айқастары мен шайқастарын, осал тұсын бес саусағындай біледі. ҰҚК-ны басқарған ол үшін кез келген беделді шенеунікті орға жығу, құпия ақпаратты тарату оңай. Сыртта жүріп айтқан «сандырағына» жұрт илана қоймас, бірақ, іште, өз елімізде отырып ақпарат таратса, оның дүмпуі күшті болуы бек мүмкін. Кемінде, билік басындағы үркердей топтың арасына «ши жүгірту» қолынан келеді. Оның қолындағы көзірі жай көзір емес, элитааралық қырқыстарды ушықтыру өте қауіпті ойын. Онсызда соңғы жылдары жоғарыдағы дөкейлер ортасында түрлі талас-тартыс жүріп жатыр. Бірнеше министр, облыс әкімдері қақпанға түсті. Сондықтан, Әлиевті елге әкелуге саяси элитаның өзі мүдделі болмауы мұнда тұрған іс.
Үшіншіден, Әлиев әлемі – өте күрделі әлем. Ол талайдың аяғын шалып, бағын басынан тайдырғанымен, талайдың қолтығынан демеп, билік баспалдағында ентікпей өрлеуіне көмектескені де бесенеден белгілі. Егер Әлиев елге келсе, өзінің қолынан жем жеген топты қайта іске қосуға тырыспай тұрмайды. Қылмыстық әлемнің өз заңы бар. Олар сатқындықты кешірмейді. Оның жақсылығын көргендердің бәрі биліктен кеткен жоқ, бәрі байлығынан айырылған жоқ, бәрі түрмеге түскен жоқ.
Төртіншіден, бәлкім, ең маңыздысы, отбасылық жағдайы. Әлиевтің бауыр-туысы, бала-шағасы түгелдей биліктен кетті деуге келмейді. Олар әлі де ықпалды. Олардың қолында әлі де орасан мүмкіндік бар... Олар жас, албырт.
Бесіншіден, одан кек алуды көксейтіндер тым көп. Олардың шоғыры бірнеше топқа, жікке бөлінген. Жоғары саяси элитадан тартып, кәсіпкерлер отбасына дейін қам-қарекетке көшеді. Әлиевтің соты елде жалғасатын болса, ел іші алатайдай бүлінбей, қауесет пен өсек өршімей тұрмайды. Кек қайтару үшін олар да қылмыстық топтарға иек артуы әбден мүмкін.
Мұнан сырт, ол өзінің билікқұмар екенін әлдеқашан дәлелдеген. Тарих беттерін ақтарсаңыз, ұзақ жыл түрмеде отырғандар билікке келуге құмар келеді...
Сондықтан, Әлиевті елге әкелу қауіпті құбылыс.
Аялдар КҮНТУҒАН.
P.S. Осы аптада ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында еңбек еткен, бір кездері денсаулық сақтау саласының тізгінін ұстап, біліктілігімен елге танылған Мұхтар Әлиев 82 жасында бақи дүниеге аттанды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның отбасына көңіл айту хатын жолдады. Марқұмның шарықтаған кезі де, құлдилаған сәті де болды. Рахат Әлиев әкесінің қазасына келе алмады. М. Әлиевтің құлдырау кезеңі ұлының шетелге қашуымен байланысты болды. Ұлының соңынан шетелге барып, соңынан қайта оралды. Сонан кейін сыртқы байланыстан қол үзіп, томаға тұйық күн кешті. Біз марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтамыз.