Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ, поселке әкімдері, дербес бөлім басшылары, шаруа қожалықтарының төрағалары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, аудан тұрғындары және білім, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысы.
Жиынды Отырар ауданы әкімі Ерлан Айтаханов ашып, жүргізіп отырды. Кездесуде сөз алған сенатор ағымдағы жылдың 5 қазан күнгі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының басты бағыттарына жеке-жеке тоқталып, Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының ұлттық кодымызға, болмысымыз бен санамыздың дамуына маңызы өте зор екендігін әңгімеге арқау етті. Сенатор өз сөзінде:
– Мемлекет Басшысының жыл сайынғы Жолдауларын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Барлығын да бір-бірін толықтырып, бір-бірімен үндесіп жатқан маңызды, стратегиялық құжат. Биылғы Жолдаудың мәні тереңде жатыр. Өйткені Президентіміз халықтың көкейінде жүрген мәселелерді қозғап, халық табысының өсуі, кәсіпкерлікті дамыту, тұрмыс сапасын арттыру секілді міндеттерді жүктеді. Ел тұрғындарының өмірі мен сапалы тұрмысын жақсартуда, экономикасы дамыған, әлеуеті жоғары мемлекет қалыптастыруда аталған міндеттердің маңызы зор, – деп халық қалаулысы Жолдаудың негізгі басым бағыттарын егжей-тегжей түсінікті етіп баяндады.
Жиын барысында жарыссөзге шыққан Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гиназиясының мұғалімі Раушан Мұратова Жолдауда айтылған ұстаздардың қоғамдағы беделін көтеру туралы мәселелердің ұстаздар қауымына үлкен қуаныш сайлағанын жеткізсе, ауданның белсенді жасы, Отырар аудандық тілдерді дамыту және оқыту орталығының директоры Бағлан Жаппаров Елбасының үнемі жастарға сенім артып, әрдайым қолдауы оларға үлкен жігер беретінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ сөз барысында жеке кәсіпкер Үрлайым Байтемірова Жолдауда айтылған жаңалықтарды қуана қарсы алғанын айтып, осы құжаттың арқасында еліміздің халқының әл-ауқаты біршама жақсарып, кәсіпкерлерге болашаққа нық қадам басуға талпыныс беретінін сөз етіп, аудан кәсіпкерлерін өздеріне берілген үлкен мүмкіндіктерді пайдаланып, белсенді жұмыс жасауға шақырды.
Жиынға қатысушылар Парламент Сенатының депутатына көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
– Биылғы Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарту міндеттеріне арналды. Тарихи маңызы зор құжатта елдің бірлігін нығайтатын, әлеуетін арттыратын жұмыстарды жүйелі жолға қоюдың қадамдары, әр саланың, кәсіби маманның жауапкершілігін ширата түсетін тетіктер анық көрсетілді. Әсіресе, «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдануы педагог мамандығының беделін көтеру мақсатында қабылданатыны сөзсіз. Сондай-ақ, Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауға ұсынуының өзі жастардың барлық санатын қолдау деп түсінуімізге болады. Өмір өзгеруде, бұл жағдайда дұрыс қадам жасап, оң жауап қату маңызды. Ал Президенттің жаңа бастамасы Қазақстан халқының игілігіне жүзеге асары анық. Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын аудан халқына кеңінен түсіндіріп, жан-жақты әңгімелеп бергеніңіз үшін Отырар ауданы тұрғындарының атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деп жиынды қорытындылады.