Freedom Inside '26

Алты айлық сәбидің қазасы: анасы жарты жылдан бері әділдік іздеп жүр

Алты айлық сәбидің қазасы: анасы жарты жылдан бері әділдік іздеп жүр
Фото: видеодан скрин, Егемен Қазақстан

Алматы қаласында көпбалалы ана алты айлық қызының жұмбақ өліміне байланысты соттан әділ шешім шығаруды сұрайды. Оның айтуынша, сәбиін емшектен шығару мақсатында уақытша бала күтушінің қарауына қалдырған. Алайда арада көп уақыт өтпей, нәресте көз жұмған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Марқұм сәбидің анасы оқиғадан бері жеті айға жуық уақыт өтсе де, істің әлі толық шешімін таппағанын айтады.

"Тергеу амалдарының бәрі болды. Бірақ қайта-қайта сол нәрселерді сұрай береді. Бұл процестің жалғасып жатқанына жеті ай болды. Бастапқыда ол "қолымда жатып ұйықтап кетті" деген болатын", – дейді анасы.

Сәбидің жақындары нәрестенің өліміне бала күтуші кінәлі деп есептейді. Олар сот барысында барлық дәлел мұқият зерттеліп, күдікті заң аясында тиісті жазасын алуы керек екенін айтады.

"Біз тек әділдік сұраймыз. Баламыздың өліміне кім кінәлі болса, заң алдында жауап беруі тиіс", – дейді марқұмның туыстары.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр. Жәбірленуші тарап оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерделеніп, әділ шешім қабылданады деп үміттенеді.