Алматы облысы Талғар аудандық полициясының бастығы саяси тапсырыспен қаза тапқан оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, саяси және қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайды “саяси тұтқындар” тақырыбындағы баспасөз мәслихаты алдында “сөйлесу үшін” өзіне шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бүгін, 9 наурызда сағат 11.00-де саяси және қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы Алматыдағы Тәуелсіздік монументінде баспасөз мәслихатын өткізбек болды. Алайда таңертең полицейлер оны тоқтатып, Талғар ауданы полиция басшысымен (Рысбек аға Тұздыбастау ауылында тұрады) “әңгімелесу үшін” бірге баруын талап етеді. Сәрсенбайұлы одан бас тартып, баспасөз мәслихатын өткізу үшін журналистерді үйіне шақыратынын жеткізеді. Кездесу “Тәуелсіз мемлекетте саяси тұтқындар болмауы қажет” тақырыбында өткізілмек болды. Шамасы, бұл көпшілікке ұнай қоймаса керек”, - делінген Elmedia телеграм арнасы таратқан хабарламада.
Журналист Данияр Молдабеков өзінің Telegram-арнасында хабарлағандай, Сәрсенбай полицияға жеткізілген.
“Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы мен құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованы полиция ұстады. Адвокат Айнара Айдарханова олардың Талғар аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілгенін хабарлады", - деп жазды Молдабеков.
Сонымен бірге, “Азаттық” радиосының мәліметінше, Талғар ауданындағы полицияның кезекші қызметкері ұсталғандар туралы ақпарат алмағанын айтып, кейінірек хабарласуын сұраған.
Осы тұста Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи де Рысбек Сәрсенбайұлының ұсталуына байланысты пікір білдірді.
“Рысбек ағаның өзі де маған хабарласты. "Қан қысымым 200-дің үстіне шықты" дейді. Баспасөз конференциясы" деген атаумен өтетін жиынға ары кеткенде 20-30 адам жиналар еді, бұдан қирап, жанып, өртеніп кетер ештеңе болмас еді. Елді еліктіру қажет пе еді? Ал енді мынау жағымсыз жағдаяттан кейін желі біткен жарылып, болмаған жиынның эффектісі еселеніп кетпей ме?! Осындай әпербақан әрекет түптеп келгенде "Жаңа Қазақстан" идеясына соққы болмай ма?! Ақыр соңы, тостағанда толқын тудыру кімге қажет?!”, - дейді саясаткер.
Ол күштік құрылым өкілдеріне хабарласқанда, Сәрсенбайұлын қамауға алмайтынын мәлімдеген.
“Мен хабарласқан күштік құрылым өкілдері (қаз-қалпында): "Елдегі мереке күндеріне байланысты полиция "усиленный режим" жағдайында қызмет ететіні ел-жұртқа алдын ала ескертілген. Талап баршаға ортақ, алаңға демалуға баратын халықтың жағдайын да ескеруіміз керек. Бұл жиынды мереке күндерінен кейін де өткізуге болар еді ғой. Ешкім Сәрсенбайұлын қамауға алмайды, "беседа" жүргізіледі - болды", деп қысқа қайырған.