Алтынбек қара пакетте, ал екі оққағары қолы артқа қайырылып жатты - Болат Әбілов

Көркем Алдабергенова 13 ақп. 2024 11:06 5206

Қазақстандық кәсіпкер және саясаткер Болат Әбілов Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі туралы қаралы хабар қалай жеткенін айтып берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы Әбілов журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында айтты.

"Біз таңертең, әдеттегідей кеңседе кездестік. Оразәлі Жандосов, Төлеген Жүкеев және мен. Алтеке мен Ораз жақын тұратын, мен шетелде болып, келген кезім. 11 ақпанда кешке ұшып келуім керек еді. Багажымды жоғалтып, достарыммен болдым. Үйге келдік. Алтынбек жұмыста болған, оған дейін мен шетелде болған кезде бірнеше рет сөйлескенбіз. Алтынбектің көңіл күйі "супер" еді.

Қандай да бір қайғылы оқиға болады деген нәрсе ойымызға да келмеді. Ол "Болат, сен демалып жүрсің, біз азаннан кешке дейін кеңседе жұмыс істеп жатырмыз" деп әзілдейтін. 11 ақпан - сенбі, күн жаңбырлы еді. Ол маған "Біз жұмыста боламыз, кешкі 7-8-де кешкі ас ішейік" деді. "Жақсы" дедім, бірақ туыстарыммен отырғандықтан "Алтеке, қазір орнымнан тұрып, кетіп қала алмаймын" дедім. Келесі күні жаяу тауға шығып келуді жоспарлап отырғанбыз немесе дүйсенбі кеңседе кездесерміз дедік. Алтеке жақсы деді. Осылай келістік.

Дүйсенбі кеңсеге келдік, Алтынбекке хабарлассақ телефоны сөндірулі болды. Оққағары Бауыржанға хабарлассақ ол да сөндірулі. Не болып жатқанын түсінбедік. Жүргізушіге Алтынбектің үйіне барып кел дедік, мүмкін бір нәрсе болып қалған шығар деп ойладық. Жүргізуші барып келген соң көлік жоғын айтты. Сол күні қалың қар жауып тұрған еді. Жүргізуші тіпті ешқандай із де жоғын айтты. Бірнәрсе болып қалды ма деп уайымдай бастадық. Бірақ түске дейін күтейік дедік. Түс уақыты болған кезде "КТК" телеарнасы Алтынбек Сәрсенбаев аңшылыққа шыққан кезде Алматы тауларында өлтірілгенін хабарлады. Осындай жаман хабар келді. Не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Кинода жүргендей болдық", - дейді Әбілов.

Сонымен қатар, Болат Әбілов Алтынбек Сәрсенбайұлы өлі табылған жерде не болғанын айтып берген.

"Ол жерді әрең таптық. Полиция бізді өткізбеді. Ешкімді өткізбеді. Бәріне хабарласа бастадым. Ал Назарбаев ол кезде Израильде ресми сапарда жүрген. Сол кездегі президент аппаратының басшысы Әділбек Жақсыбековке хабарластым, Әділбек ол президентпен жүргенін, олардың түк қатысы жоқ екенін айтып, өздерің шешіңдер деді. Болат Өтемұратовқа хабарлассам ол да сондай жауап айтты. Марат Тәжинге хабарластым, ол келе алмайтынын айтты. Бауыржан Мұхамеджановқа хабарластым (сол кездегі Ішкі істер министрі), ол иә, айналысып жатырмыз деді. 15-20 минуттан кейін біз мәйіт жатқан жерге бардық.

(...) Біз келгенде Алтынбек қара пакетте жатты. Бізге оны ашып көрсетті. Алтынбек кіп-кішкентай, азып кеткен. Жақында ғана емен-жарқын сөйлесіп, қуанып отырғанымызда, енді осылай қара пакетте жатыр. Сәл ары Василий мен Бауыржан (екі көмекшісі) өңімен төмен жатыр. Арқаларында атқан қарудың ізі болды. Қолдары артқа қайырылып, пластик қысқышпен байланып жатыр. Алтынбек жатқан жер құрғақ болды. Оларды өлтіру туралы бұйрық болған", - дейді Болат Әбілов.

Еске салайық, 2006 жылы 11 ақпанда танымал саясаткер, оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісі – Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды ұрлап әкеткен. Екі күннен кейін, 13 ақпанда, олардың атылған денелері Алматы маңындағы таулардан табылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар