Компания заңгері Ізбасар Өтеулин басшылықтың ауысуына байланысты базар бақылаушыларын және басқа да жұмыскерлерді жұмыстан себепсіз босату болмайтындығын атап өтті. Бүгінде бұрыннан істеп жүрген қызметкерлердің 80 пайызы жаңа басшылықпен еңбек келісім-шартына отырған. Ал базарды күзету қызметі қолға алынып, тәртіпсіздікке жол берілмейді. Бүгінде базар аумағында 13 күзет бекеті жұмыс істейді, оған қоса 80-ге жуық камера орнатылған. Жақын арада олардың санын 300-ге жеткізу жоспарда бар.
Базар басшылығының мәліметінше, кәсіпкерлерге бар жағдай жасалады. Сауда орнын жалға беру бағасының өспейтіндігін ескертіп, бақылаушылар тарапынан заңсыз үстемеақы талап ету сияқты әрекеттердің болмайтындығы айтылды. Сонымен қатар, №2 павильонға кондиционер орнату, интернетті жақсарту шілде айының соңына дейін шешілетіндігі белгілі болды. «Алтын Орда» базарын модернизациялау аясында көліктердің кіріп-шығуына арналған автоматты түрде ашылатын шлагбаум орнатылып, көлік тұрағы реттелмек.
Жиынға қатысқан жеке кәсіпкер Жанар Ержанова базарда 22 жыл жұмыс істейтіндігін және олардың тарапынан ешқандай шағым жоқ екенін жеткізді. «Ай сайын жалға алу құнын уақытылы төлеп отырамыз. Қазіргі уақытта біздің қатарда ешқандай даулы мәселе туындап жатқан жоқ», - дейді Жанар Ержанова.
Базардың ішкі бақылау қызметінің бақылаушысы Асқар Нұрғалиев өз сөзінде: «Қызмет атқарып келе жатқаныма біршама жылдың жүзі болды, ел-жұрт айтып жүрген салафизм, діни насихат туралы ештеңе байқаған жоқпын. Базар қалыпты жұмыс атқаруда. Саудагерлер мен бақылаушылар арасында сексен пайызы бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан адамдар, олардың ешбірі жұмыстан себепсіз қуылған жоқ, әлі күнге адал еңбектерін жалғастырып жатыр», - деп, базар ахуалын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 22 сәуірінен бастап «Altyn Orda New Company» ЖШС «Алтын Орда» базарын басқарып келді. Осы уақыт ішінде базарда олигополия орнаған және олардың жұмысын ешкім бақылауға алмаған. Яғни басқарушы компания отырған бір отбасы мүшелері заңға қарсы әрекеттерге барып, кәсіпкерлерге кедергілер келтірген, олардан заңсыз үстемеақы талап еткен. Бұл азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына әкеп соқты. Сонымен қатар, бас прокуратура мен мемлекеттік органдардың тексеруі кезінде базарда санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, және бәсекелестікті қорғау бойынша 300-ден астам заң бұзушылықтар анықталған. Осыған байланысты маусым айында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен орталық мемлекеттік органдар, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізіліп, «Алтын Орда» базарында анықталған барлық заң бұзушылықтарды жою талап етілді. Тапсырма бойынша «Алтын Орда» базарының құрылтайшыларының келісімімен басқарушы компанияны ауыстыру жөнінде шешім қабылданып, 2023 жылдың 5 шілдесінен бастап басқарушы компания ретінде «Big City Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын бастады.
«Алтын Орда» базарына қатысты жалған қауесеттерге сенбеулеріңізді сұраймыз. Қосымша сұрақтарыңыз болса +7 (747) 6826772, +7 (708) 600 7885 нөмірлеріне хабарласуға болады.
Құрметпен,
«Алтын Орда» базарының басқарушы компаниясы - «Big City Market» ЖШС баспасөз хатшысы Диана Мұхитқызы.