Алты қанат ақ боз үй

Dalanews 15 шіл. 2016 14:27 1329

Қытайдағы қазақтар арасында ұлттық қолөнерді ұлықтау, дамыту мен нарыққа шығарудың бәсекесі мен базары әлдеқашан қалыптасқан. Соның нәтижесінде бұл салада өзіндік өркендеу мен дамушылық байқалады. Сонымен бірге, әлем мойындаған қазақ үй мәдениеті де үкімет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, жыл сайын түрлі байқаулар өткізіледі. Сан алуан көрме, айтыс, жәрмеңкелер кезінде киіз үйдің көптеген түрлері көрсетіліп, аталған өнердің жаңа тынысы ашыла түсті. Сондай бәсекелі орындарда бақ сынап, табиғилығымен, тек қана қолдан тігілген, тоқылған бұйымға бай озық үлгісімен көптің көз айымына айналған үйдің бірі жақында Алматы іргесіне тігілді. Оны жасап, жарыстарға қатыстырып, жаңғыртып отырған ісімер иелерінің ендігі арманы – Астанадағы халықаралық көрмеде тігу. Әлемге қазақтың бай мәдениетін одан ары әйгілей түсу.

Сәбет Мәмікенұлы, ҚХР Іле аймағы Текес ауданының тұрғыны, еңбек озаты:

– 90 басты, алты қанатты ақ үйді атажұртқа алып келіпсіз. Қатардағы көп үйдің бірі ма әлде өзіндік ерекшеліктері бар ма?

Қазақтың киіз үйін жарқыратып жасап, оны жұртқа көрсетудегі мақсатымыз – атақ, даңқ қуу емес, ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді ұлықтау, жаңғырту. Жиеніміз арқылы жалпақ жұртқа көрсетіп насихаттасақ деп отырмыз. 2001 жылы Күнестің Ақөзен жайлауында айтыс болатын болып, ауыл басшылары үйге келіп, сол айтысқа алты қанат ақ боз тігуге ұсыныс жасады. Содан әйелім бар күш-жігерін осыған сарп етіп, қолынан келгенше жасап, елдің көмегі арқылы бітірді. Айтыстағы қазақ үй байқауында «ең әдемі, ең керемет» киіз үй атағын алды. Облыс бойынша тігілген жүздеген қазақ үйдің ішінен 2-орынға ие болды. Осындай шараларға 6-7 рет бардық.

13669297_572006479638129_894536155929596153_o– Қытай жерінде қазақы өнердің дамуына, киіз үй мәдениетінің өркендеуіне қолдау жасала ма? Қазақтың үй мәдениетін өзге ұлттыр қаншалықты біледі, бағалайды?

Түрлі айтыстар кезінде ары-бері тасымалдау мәселесін үкімет өз мойындарына алып, киіз үйдің қажетті құнын  төлеп, қаржылай көмек көрсетілді. Әр күнгі тігу ақысы 100 000(2000юан) теңгеден кем емес. Оның жанына немесе ішіне кіріп суретке түсу арқылы ақша төлеп жатқандар да көп болды. Қайбір жылдары Шыңжаң автономиялы ауданының төрағасы мен партия секратарлары да үйімізге келіп қонақ боп кетті. Қазақ үйдің әдемілігіне қазақтар ғана емес өзге ұлттар да, әсіресе ішкі қытайдан келген саяхатшылар, басшылар қатты таңғалды. Қазақтың өнеріне тамсана баға берді, арнайы ат басын бұрып, қонып, ет жеп, қымыз ішіп кетті. Барған соң түрлі басылымдарда мақалалар жазып, қазақ өнеріне деген зор құрметі мен бағасын көрсетті. Осының арқасында көп жерді аралап көрдік. Халықпен бәсекелестіктің арқасында киіз үйіміз күннен-күнге дамып, көркейіп келе жатыр. Үкімет осы үйді «сатып бер» деп қолқалады, бірақ, біз сатпадық. Қайта Қазақ еліне әкелдік. Өйткені, ол ұлттық мұра, ата-бабаның, өнерлі отбасының қолтаңбасы, көзі ғой. Әйтпесе үкіметіміз(ҚХР) қазақтың үйі мен мәдениетін дамытуға арнайы ақша, қаржы бөліп барынша көмектесіп жатыр. Соның нәтижесінде бәсеке пайда болып, неше алуан үлгідегі қазақ үйлер пайда болды. Бұл жағы жақсы жолға қойылып даму үстінде. Сонымен қатар, ұлттық қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағам, сусындар да кең көлемде нарыққа шығарылып, жұрт табыс тауып отыр. Еңбегімізді үкімет бағалап, арнайы айлық беріп отыр. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді қазақ. Осының бәрі еңбектің арқасында жүзеге асып жатыр.

– Ақбоз үйді атажұртқа әкелудегі басты мақсатыңыз бен жоспарыңыз қандай?

«Осы киіз үйді сүйрелеп, арқалап әкелу не азап» деген сұрақтар да туындауы мүмкін. Бұл – ата-баба  дәстүрі, ал, біз – жалғастырушылармыз. Сондықтан да ұлттық санадан асып кете алмаймыз. Мәдениетімізді, көшпенді халық екенімізді еске салып тұратын дүние болғандықтан, мемлекет жағынан да дәріптеліп жатыр.

Қытайда көп жерді аралаған ақбоз үйім Қазақ елінің жұртшылығына да кең көлемде көрсетілсе деп армандаймын. Басшылар мен өнерді бағалаушылар құп көріп жатса Астанада, Астанадағы үлкен халықаралық көрмеде(EXPO-2017) тігілсе дейміз. Сол арқылы барлық бұйымы қолдан жасалған керемет қазақ үйін, қазақтың өнерін әлем халқы тағы бір мәрте көріп, бағалап кетсе деген үлкен арманымыз бар. Сол арманмен ауырсынбай арғы беттен арқалап келдік. Ендігі бағы, өнердің тынысы өз елімізде, Қазақ елінде ашыла түседі деп сенемін. Солай болсын, ләйім!

 

20160603_181832Әрмия Ясынқызы, қолөнер шебері:

– 6 қанат ақбоз үйді жасау қаншалықты қиын? Қанша уақытта, қалай дайындадыңыздар? Оның жұмысынан жалыққан немесе тастап кетуге оқталған кезіңіз болды ма?

Киіз үйді дайындап жабдықтап келе жатқаныма 20 жыл болды. Киіздерін, үй ағаштарын, бау-шуларын басып, иіріп, бояп, жасап жаңғартып отырудың өзі үлкен жұмыс. 20 жылдың ішінде 3 рет жаңалап шықтым. Қазіргі қолданылып жүрген бау-шулар қолдан тоқылған. Себебі, әдет-ғұрпымыздағы барлық бұйым қолдан жасалған. Оны тоқуға да біраз уақыт кетеді. Тіпті, бір басқұрдың өзін бір айда тоқып біте алмаймыз. Бір бауды он бес күнде тоқимыз. Киіз басу да едәуір қиын жұмыс, бірнеше кезеңнен өтіп дайын болады. Әуелі жүн сабалады, сосын киіз басылады, пісіріледі, кептіріледі, пішіп тігіледі. Содан кейін үзік, туырлық жасалады. Қанша қиын болса да, қандай уақыт кетсе де бұл іспен айналысудан ешқашан жалыққан емеспін. Өйткені, шешемнен үйренген көне кәсіп, ата мұра, ұлттық өнер.

– Бұл өнерді кімнен, қалай үйрендіңіз? Халыққа, нарыққа, сатылымға шығару жағын жасадыңыздар ма?

Біз үйде үш қыз болдық. Мен кенжесімін. 16-17 жасымнан бастап осы өнерге ынталы болдым. Шешем ши орап отырса, орасып, бау тоқып отырса, тоқысып жүргенімді көрген соң, анам жолымды қуатын қызым деп, киіз басып, бау тоқудың қыр-сырымен бөлісті, маған үйретті. Сол уақыттан бері жанталасып, өзіме де, елге де тоқып беріп жүрдім. Кейіннен бұл өнерді толығымен меңгеріп, бәсекелесетін болдық. Адамның істегенін адам істейді емес пе?! Адам не істесе де қанаттанып, шабыттанып істегені жөн. Қазақ еш уақытта әдет-ғұрыптан, ата салттан асып кете алмаған. Өзім де балаларым мен келіндеріме үйретіп отырамын. Оларды да өзім сияқты болуға тәрбиелеп, төл өнеріміздің ескерусіз қалып қоймауына барынша тырысып жатырмын. Ал, аталған дүниені сату мәселесіне келсек, қазақ деген қолы ашық халық қой. Жұртқа талайын тегін тоқып бергенмін, бірақ сатып көрген емеспін. Жаңа заманның балалары, жастар қазір осы дүниелерді жасап, сатып та жүр. Жасаған қазақ үйімізді 2002 жылдан бері талай айтыс, жәрмеңкелерге, жарыстарға апарып тіктік. Олар үйімізді өздері әкетіп, өздері алып келіп жүр. Жалпы халық жақсы бағасын  беріп жатыр.

Қазақ еліне қазақ үйімізді әкелу арылы өнеріміздің өзіміз игерген, қолданған түрін кең көлемді дәріптегіміз келеді. Жастарға, ұрпаққа, ұлтқа үлгі-өнеге болып, мұра ретінде насихатталса деймін. Талапты жастар болса көріп үйренсін, көрсін, баба мұрасын бағаласын деген ойымыз бар. Сол оймен бұл ақбоз үйді жиенімізге әкеп табыстап отырмыз...

Сұхбаттасқан Жарқын Сәленұлы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар