«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес біліс беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шамшидинова атап өткендей, балалардың махаббаты – мұғалім мамандығының ең басты артықшылығы.
– 20-30 жыл бұрын оқытқан шәкіртің сені көрген кезде, «Сіз кезінде менің ұстазым болдыңыз, сізге көп рахмет» деген сөзінің өзі біз үшін үлкен марапат. Құрметті әріптестер, қоғам мұғалімдерге үлкен үміт артады. Мұғалімге қойылатын талаптар жоғары. Егер әр күн сайын әлемді жақсартатын бір жан болса, бұл-мұғалім! – деді К. Шәмшидинова.
«Әлем мұғалімі сыйлығына үміткер Асхат Жұмабеков мұғалім болуды бала кезінде-ақ шешіп қойған. Оның ең бірінші оқушысы інісі болған. Асхат інісіне 6 жасында үш таңбалы сандарды көбейтуді үйреткен.
– Махатма Ганди айтқандай, әлемді өзгерткің келсе, өзің өзгеріп, сол өзгеріс бол. Мұғалім жаңалықтардан хабардар болып, жаңа әдістемелер мен технологиялармен жұмыс істей білуі қажет. Біздің жетістіктеріміз-біздің оқушыларымыздың жетістіктері. Осындай конференциялар бізге тәжірибе алмасуға және алған білімімізді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді, – деді А. Жұмабеков.
Қала әкімі Алтай Көлгінов педагог мамандығы – қазір әлемдегі ең маңызды мамандықтардың бірі екенін атап өтті.
– Ұстаз – қоғамдағы басты тұлға. Педагог балаларды тәрбиелеп, білім береді. Баланың тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Жаһандық әлемнің еңбек нарығында болып жатқан трансформациялар әрбір мұғалімді «өмір бойы білім беру» принципін түсінуді және қабылдауды талап етеді. Мұғалімдеріміз әрдайым бір-екі қадам алда болуы керек, – деді А. Көлгінов.