Алтай Көлгінов: «Еордада жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет»

Dalanews 25 жел. 2019 12:13 737

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кезекті рет кездесу өткізді. Екі сағатқа созылған кезесуде тұрғындар 70-ке жуық сұрақ қойылды.

«Ашық микрофон» форматында тұрғындар әлеуметтік нысандардың құрылысы, елді-мекендер мен қоғамдық көлікті дамыту, көшелерді абаттандыру, жарықтандыру,  санитарлық тазалау сынды өзекті мәселелерді көтергеніне куә болдық.

Айталық, кездесуде «Өндіріс» елді-мекенінің тұрғындары жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Өз кезегінде Алтай Көлгінов аталмыш елді-мекенде мектептің құрылысын 2021 жылы бастау жоспарлап отырғанын айтты.

– Біз жиналып отырған білім беру нысаны А. Құнанбаев атындағы №87 мектеп. Мектеп осы оқу жылының басында ашылды. Оқу орны 900 орынға есептелген. Мектеп №5 және №16 мектептердің шамадан тыс жүктелуі мәселесін шешуге мүмкіндік берді. 2020 жылы Байқоңыр ауданының С.Сейфуллин – Сырдария көшесінде бір мектеп және мектептердің аумағында 3 жаңа корпус салу жоспарлануда. Қалада жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Оқу орындарының құрылысына жеке инвесторлар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргіземіз, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Байқоңыр ауданында барлығы 43 білім беру нысаны бар, оның 2-і жоғары оқу орны, 8 колледж, 19 мемлекеттік мектеп және 14 балабақша. Тұрғындар көтерген мәселелердің бір бөлігіне заң аясында түсініктеме берілсе, қалғандары жұмысқа алынды.


Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті. Осындай ашық форматтағы халықпен кездесулер жүйелі түрде өткізілетін болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар