Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 16 жеке секторлы елді мекен бар. Оның біразы Целиноград кезінен келе жатқан, ал қалғандары жаңадан қосылған елді мекендер екені белгілі. Бұл мәселе жайында қала әкімі былай деді:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жылдың басында еліміздегі ірі үш қала – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентті дамытуға қатысты мемлекет қазынасынан 90 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын. Сол тапсырмаға сәйкес биыл бізге 7,5 млрд теңге бөлінді.
Әкімдік қызметкерлері 16 елді мекеннің барлығын талдап, онда 280 мыңнан астам халық тұратынын анықтады.
Ол біздің қала тұрғындарының 25 пайызын құрайды. Үкіметпен бірге осы мәселемен айналысып жатырмыз. Бізде елорданы дамытудың кешенді жоспары бар, кешенді жоспар 5 жылдық. Онда ең өзекті мәселелердің бәрі қамтылған, – деді қала басшысы.
Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы елді мекендерді дамыту жоспары іске асыру барысында барлық елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіпті.
– Біз тұрғындармен кездесуден кейін қала маңындағы елді мекендердегі мәселелерді 3 блокқа бөліп шешудің маңызы зор екеніне көз жеткіздік. Біріншісі – инфрақұрылымдық мәселелер, ол инженерлік желілер мен жолдар. Екіншісі – әлеуметтік нысандар. Ол білім беру нысандары, мектеп, балабақша немесе дәрігерлік амбулатория, спорт нысандары. Үшінші блок – абаттандыру. Оған тротуар, саябақ, жарықтандыру, аялдамалар яғни адам өмірінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды сұрақтар қамтылған. Соның бәрін блокқа бөлген кезде бірқатар мәселелерді біз жоспарға бекіттік. Бірінші кездесуден кейін жинаған сұрақтардың жиынтығын қарап, талдап шыққан кезде 270 млрд теңге қажет. Бұл мәселелердің бәрі бір жылда шешілмейді. Сондықтан біз тұрғындарға айттық «бірінші кезекте сіздерді не мазалайды, соны айтыңыздар» деп. «Бюджетті халықпен бірге талқылаймыз» деп айтып жатырмыз ғой, солай біз тұрғындардың сұранысын зерттедік. Үшжылдық бюджет жоспары бүгін Үкіметте бекітілді, – деді.