Әлтаев! Кремль Саакашвилидің Қазақстандағы "тыңшысын" тапты

Dalanews 30 қыр. 2020 20:26 979

Оның есім-сойы – Нұржан Әлтаев. Білдей Мәжіліс депутаты. Ресейлік ia-centr агенттігі Әлтаевты атышулы Саакашвилидің "уағызымен" уланған деп есептейді.




Марғұлан Сейсембай бастаған делегация құрамында Киевті көріп қайтқан халық қалаулысы қазір Украинаның реформа комитетіне басшылық ететін саясаткерімен жүздесіп, аз-кем пікір алмасқан.

Ресейдің үгіт-насихат құралдары Әлтаев әлгі сапардан өзгеріп оралды дейді. Киевтен келе сала депутат Әлтаев Кремльдің құлағына түрпідей тиетін мәлімедеме жасаған. Назарбаевтың "мажоритарлы жүйенің мұрты бұзылмайды" деген ұстанымына қарсы келіп, індет ауа жайылған шақта сайлаушыларға дауыс беру құқығын қайтаруды талап еткен. Агенттіктің жазғанындай бұл оның шәлкес мінезді грузин саясаткерінен үйренгені.

"Бұл қалай болғаны?! Билік партиясының мүшесі партия жетекшісіне қарсы келгені ме? Солай сыңайлы. Қазақстанда жүйенің ескі сүрлеуімен жүруді жөн көрмейтін саясаткерлердің жаңа шоғыры қалыптасып жатқандай. 


Біз айтып отырған Әлтаев түнеукүні Саакашвилимен жүздесіп қайтты. Украинадағы реформа комитетін басқаратын саясаткер Қазақстаннан келген делегацияның алдында әбден көсілсе керек. Көрген-білгенін ортаға салып, саясаттағы сары ауыз балапандарды ауыздандырып жібергенге ұқсайды. Елге орала сала Әлтаев биліктің ұстанымына қайшы келетін бірнеше даулы мәлімдеме жасады. Осы арқылы қазіргі жүйеден іргесін аулақ салғысы келетін сыңай танытты...", – дейді мақала авторы.

Ал енді Әлтаевтың Киевтен оралғаннан кейін не дегеніне назар аударалық.

"Алдымен экономика, содан барып саясат" деген ұстанымның дәуірі өтті. Өзектілігі өліп, өміршеңділігі жоғалды. Бұл жұмысқа жарамсыз принцип", – деген болатын халық қалаулысы.

Негізінде жүйенің саяси реформаға зәру екенін екінші президент те айтып жүр. Тоқаев осы мақсатта Ұлттық кеңесті құрғаны белгілі.

Алайда ресейлік пропаганда басқаша пайымдапты.

"Әлтаев осы арқылы әрдайым экономиканы төрге оздырып, саяси өзгерістерді кейінге шегеріп келген Тұңғыш президенттің сөзін іске алғысыз етті. Назарбаев экономиканың шаруасын шешпей, саясат көшуге болмасын 30 жыл бойы қайталаумен келді.

Біз білсек Әлтаевтың бір саусағы бүгулі. Жоғарыдан жасырған қулық-сұмдығы көп. Халықтың тамырын басып, түбегейлі саяси реформа туралы сауалнама жүргізбек түрі бар. Дәл қазір Әлтаев Беларусь сценарийін қайталаудың алдында тұр. Ол сол жолға түсті", – дейді ia-centr.

Агенттік тілшісінің жазғанындай Беларусь оппозициясының нақты идеясы жоқ. Экономикалық һәм саяси бағдарламасы елді дағдарыстан шығаруға жарамсыз, жалғыз аргументі – Лукашенкодан қажыған аудиторияның ашу-ызасы ғана.


Әлгіні көрген Әлтаев та осындай жоба-жоспар құрып, бүгінгі биліктің беталысына керағар келетін ұсыныстарды сақадай сайлап қойған.

Агенттік Әлтаевты бір жиында сөйлеген сөзінен ұстапты. Әлгіні айғақ ретінде алға тартыпты.

«Саяси реформа? Мұның өте-мөте ауыр-боларын түсіну керек. Дәрі-дәрмек қайыр жоқ, одан ем қомайды, пациентті ажалдан арашалап қалу үшін ота жасауға тура келеді», – деген-тін халық қалаулысы.

Депутаттың өткен өмірін қопарған ресейлік сайт Әлтаевтың бұған дейінгі саяси мәлімдемесінен ақау іздеп, ақыры, тапқан екен.

«Нұржан мырза халыққа 42 500 төлеуді тоқтатпау керек дейді. Бизнеске салынар салықты күрт төмендету керегін айтып, аласұрып жүр. Сонда мемлекет қалай күн көреді? Халыққа ненің есебінен айлық төлейді? Бюджет сарқылса, оның соңы неге алып келерін Әлтаев білмей ме? Онымен қоймай Ұлттық қордың қаражатын рәсуалауды доғару керек жүр. Әйтеуір бір-бірімен қабыспайтын, бір-біріне қайшы келетін дүниелер. Тұнып тұрған популизм», – деп ұйғарған екен мақала авторы.

Артынша Әлтаевты Тихановскаямен салыстырып, Лукашенко оппоненттің экономикалық бағдарламасы тіпті сауатсыз екенін  тілге тиек етіпті.

Әлтаев пен бүтін беларусь халқы дауыс берген Тихановскаяны салыстыру сырт көзге қисынсыз көрінгенмен, ia-centr қомсынбаған екен.

«Екеуі де популист. Әйтсе де біресе Үкіметті сынап, енді бірде жемқорларға жінігетін  Әлтаевқа ақыр соңы жақсы орын бұйыруы мүмкін», – деп болжапты ресейлік агенттік.

...

Марғұлан Сейсембай бастаған Қазақстан делегациясының Киевке сапары ресейлік насихат құралдарының күн тәртібінен түспей тұр.

Міне, бірнеше ай болды, алдымен Саакашвилиге, артынан Сейсембайға, кейіннен онымен ілесе барғандардан ілік іздеген Кремль пропагандасы осы арқылы Қазақстанның Киевпен  шүйіркелескенін қаламайтынын ашық аңғартуда.

Саакашвилидің саяси дәрісі Қазақстандағы саяси белсенділердің санасын улауынан сескенген Кремль Киевке сапар шеккен делегация мүшелерінің дерлігіне күйе жағып шықты.

Бұдан бұрын Dalanews.kz Мәскеудің Сейсембай-Саакашивили жұбынан сезіктеніп отырғанын жазған.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар