Алматыда зейнеткер әйелді телефон алаяқтарынан құтқаруға көмектескен курьер Нартай Есімханов марапатталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Курьер тапсырысты орындау кезінде зейнеткер қатты қобалжып тұрғанын байқап, күмәнді жағдайға байланысты жеткізуді тоқтатып, бірден полицияға хабарлаған.
Тексеріс барысында әйел алаяқтардың арбауына түсіп, 3 мың АҚШ долларын "тексеруге" беремін деп пакетке салып жібергені анықталды.
Курьер дер кезінде әрекет етуінің арқасында қылмыстың жолы кесіліп, зейнеткердің ақшасы толық қайтарылды. Азаматтық ұстанымы үшін оған Алматы Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдолдинов Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
"Әжейдің көзіне қараған сәтте оның қатты қорқып тұрғанын түсіндім. Оны шын жүректен аядым. Сол кезде өз анам есіме түсіп, "егер оның орнында анам болса ше?" деген ой келді. Сондықтан бірден полицияға хабарластым. Дұрыс шешім қабылдадым деп есептеймін", - деді Нартай Есімханов.