Алматы – тек мәдениет пен білімнің ғана емес, түрлі конфессия өкілдері татулықта өмір сүріп жатқан үлкен мегаполис. Бүгінде қалада 17 конфессияға жататын 181 діни бірлестік жұмыс істейді. Олар мешіттер мен шіркеулерде құлшылық жасаумен ғана шектелмей, қоғамның әлеуметтік, тәрбиелік және қайырымдылық өміріне де белсенді араласып келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соңғы жылдары Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы діни бірлестіктермен бірлесіп қоғамдық келісімді нығайтуға, жастар тәрбиесіне, қайырымдылық жұмыстарын дамытуға және діни сауаттылықты арттыруға бағытталған көптеген бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Қайырымдылық – ортақ құндылық
Діннің басты қағидаларының бірі – мұқтаж жандарға көмек көрсету. Алматыдағы діни бірлестіктер бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қасиетті айлар мен мерекелерде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тарату, жалғыз басты қарттарға қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек беру сияқты шаралар ұйымдастырылады.
Мұндай игі істер қоғамда өзара жанашырлық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады. Қайырымдылық акциялары тек материалдық көмек көрсетумен шектелмей, адамдар арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етеді.
Жастар тәрбиесіндегі маңызды рөл
Бүгінде жастар арасында рухани құндылықтарды дәріптеу ерекше маңызға ие. Осы бағытта Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын тұрақты ұйымдастырып келеді. Мамандар оқу орындарында, әскери бөлімдерде, сауда орталықтарында және онлайн платформаларда кездесулер өткізіп, жастарға дәстүрлі діннің құндылықтары, зайырлы мемлекет қағидаттары және радикалды идеологиялардың қауіптілігі туралы түсіндіреді.
Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы артып келеді. Басқарманың ресми парақшаларында жастарды толғандыратын діни сұрақтарға жауаптар, теологтардың түсіндірмелері, сараптамалық бейнематериалдар мен профилактикалық контент тұрақты жарияланып отырады.
Қоғамдық келісімнің алтын көпірі
Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – конфессияаралық татулық. Алматыдағы діни бірлестіктер осы құндылықты сақтауға елеулі үлес қосып келеді.
Қаладағы түрлі конфессия өкілдері қоғамдық маңызы бар бастамаларға бірге қатысып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы сенімді нығайтып, әртүрлі көзқарастағы адамдардың бір-бірін құрметтеуіне мүмкіндік береді. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының мәліметінше, конфессияаралық диалогты дамыту және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Деструктивті идеологиялардың алдын алу
Қазіргі ақпараттық ғасырда жастар әртүрлі идеологиялық ықпалдарға тап болуы мүмкін. Сондықтан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесі өзекті болып отыр.
Алматы қаласының ақпараттық-түсіндіру топтары оқу орындарында, базарларда, сауда орталықтарында және түрлі мекемелерде кездесулер өткізіп, тұрғындарға деструктивті ағымдардың белгілері мен олардың қоғамға төндіретін қауіптері туралы түсіндіреді. Кездесулерде зайырлы мемлекеттің құндылықтары, қауіпсіз діни білім алу жолдары және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар Алматыда экстремистік діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтарға көмек көрсететін Кеңес беру және оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда теологтар мен психологтар кәсіби кеңес береді.
Ашық диалог алаңы қалыптасып келеді
Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тұрғындармен ашық байланыс орнатуға да ерекше көңіл бөледі. Басқарма тұрақты түрде ашық есік күндерін өткізіп, азаматтарға діни қызмет, заңнама және діни бірлестіктердің жұмысы бойынша кеңес береді.
Сонымен қатар басқарманың Instagram, Facebook, Telegram, TikTok, YouTube және басқа да әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы тұрғындар қажетті ақпарат алып, мамандарға сұрақ қоя алады. Бұл қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып отыр.
Қоғамға қызмет ету – ортақ міндет
Көпшілік діни бірлестіктердің қызметін тек құлшылықпен байланыстырады. Алайда олардың қоғам өміріндегі рөлі әлдеқайда ауқымды. Қайырымдылық, жастар тәрбиесі, қоғамдық келісім, рухани ағарту, экстремизмнің алдын алу және әлеуметтік қолдау көрсету бағыттарындағы жұмыстар мыңдаған адамның өміріне оң әсерін тигізіп келеді.
Алматыдағы діни бірлестіктердің қызметі қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық институттардың бірі ретінде көрініс табуда.
Бүгінгі таңда олардың басты үлесі – адамдарды бөліп-жармай, ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, мейірімділік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру десек, артық айтқандық емес.