Алматыдағы дәмханадан өрт шығып, 15 адам эвакуацияланды. Оқиға 28 тамыз күні кешке Бостандық ауданында болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
ТЖМ мәліметінше, "112" пультіне Розыбакиев көшесіндегі дәмхана ғимаратынан түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жедел жеткен.
Өрт бір қабатты дәмхананың асүйінен шыққан. Құтқарушылар асүйдегі төбе жабыны мен сөрелердің жанып жатқанын анықтаған. Дәмхана екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйге жапсарлас орналасқан.
"Өртті сөндіруге газ-түтіннен қорғау қызметінің бірнеше буыны жұмылдырылды", - деп хабарлады ТЖМ.
Қауіпсіздік мақсатында тұрғын үйден 15 адам эвакуацияланды. Олардың барлығы – осы үйдің тұрғындары.
Өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.