Алматыда жыл соңына дейін тағы 15 білім беру нысаны пайдалануға беріледі

Алматыда жыл соңына дейін тағы 15 білім беру нысаны пайдалануға беріледі
ortcom.kz

Алматыда бес жаңа мектеп, үш балабақша және бірқатар білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, қазіргі уақытта жалпы 1930 оқушыға арналған бес мектеп пен 800 орындық үш балабақша салынып жатыр. Сонымен қатар Алғабас шағынауданында колледж, екі шығармашылықты дамыту орталығы бой көтеруде. Қаладағы қолданыстағы мектептер мен балабақшаларды қайта жаңғырту және сейсмикалық күшейту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Оның мәліметінше, №16, №112 және №170 мектептеріне қосымша ғимараттар салынып жатыр. Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тағы 900 оқушы орны ашылады. Сонымен қатар 10 мектеп пен екі балабақшада қайта жаңғырту және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Жыл басынан бері Алматыда жеті білім беру нысаны пайдалануға берілген. Олардың қатарында Зерделі шағынауданындағы 550 орындық мектеп, Шұғыладағы 340 орындық мектеп-интернат, Құрамыс, Жас Қанат және Қалқаман шағынаудандарындағы жалпы 820 орындық үш балабақша, сейсмикалық күшейтілген №10 балабақша және Саялы шағынауданындағы шығармашылықты дамыту орталығы бар.

Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін тағы 15 білім беру нысанын аяқтау көзделген. Атап айтқанда, Зерделі шағынауданы мен Еңбек көшесінде жалпы 890 орындық екі мектеп, үш мектепке қосымша ғимарат, тоғыз мектепті қайта жаңғырту және Тілендиев көшесінде жаңа балабақша салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, 14 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Ал №87 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу және №112 мектепті қайта жаңғырту жобалары мемлекеттік сараптамадан өткен. Бұл нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айында басталады.

Сондай-ақ қалада білім беру саласындағы тағы 16 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде екі шығармашылықты дамыту орталығы, бірнеше балабақша және физика-математика мектебін қайта жаңғырту жобалары бар. Тағы 20 нысан бойынша жобалық құжаттама дайындалып жатыр. Олардың құрылысы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін 2027 жылы басталады.

Нұрбол Нұрсағатов мектептерді жаңғырту бағдарламасына да тоқталды. Оның айтуынша, 2027 жылдың соңына дейін Алматыда 31 мектепті жаңғырту жоспарланған. Қазір алты нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, екі нысан бойынша конкурс рәсімдері өтіп жатыр, ал тағы 14 мектепке жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.