Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдалану тәртібі өзгереді. Жаңа қағидаға сәйкес көпқабатты үйдегі пәтерлер мен коммерциялық нысандардың меншік иелері және жалға алушылар үйінен 500 метрге дейінгі қашықта орналасқан бір коммуналдық автотұрақты тегін пайдалану құқығын ала алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мүмкіндік бір үй-жайға бір көлікке беріледі. Алайда нақты тұрақ орны бекітілмейді, яғни көлікті тек бос орын болған жағдайда қоюға болады.
Тегін тұрақты пайдалану үшін 17 тамыздан бастап "Алматы паркинг" КМК сайты немесе eOtinish арқылы өтініш беруге болады. Көлік өтініш берушінің атына тіркелуі керек.
Бұл жеңілдік жерасты, көпдеңгейлі, механикаландырылған және қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған автотұрақтарға қолданылмайды.
Сонымен қатар, Алматыда коммуналдық автотұрақтар саны көбейеді. Биыл 8 мыңнан аса жаңа орын ашу жоспарланған. Нәтижесінде олардың жалпы саны 17 мыңнан 25 мыңға дейін жетеді.
Ал мүгедектігі бар адамдар, кейбір ардагерлер, көпбалалы аналар және электромобиль иелері сияқты жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін автотұрақ ақысын төлемеу тәртібі сақталады.