Алматыда "Медеу" түбегейлі жаңарады: мұз +15 градуста да ерімейді

Алматыда "Медеу" түбегейлі жаңарады: мұз +15 градуста да ерімейді
Алматы әкімдігі

Алматыда "Медеу" биік таулы спорт кешенін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл - кейінгі жылдардағы ең ірі техникалық жаңғырту жобасы. Жоба нысанның тарихи келбетін сақтап, оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Инженерлік инфрақұрылым толық жаңғыртылғанымен, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген "Медеудің" сыртқы келбеті өзгеріссіз сақталады.

Жобаның негізгі кезеңдерінің бірі - ауданы 10,5 мың шаршы метр болатын мұз алаңының технологиялық плитасын толық жаңарту және салқындату жүйесін ауыстыру. Жаңа жабдық ауа температурасы +15 градусқа дейін жететін жағдайда да мұздың мінсіз сапасын сақтауға мүмкіндік береді. 

Жаңғырту инженерлік жүйелерді де қамтиды. Технологиялық үдерістерді автоматтандыру және жылумен жабдықтау жүйесін табиғи газға көшірудің нәтижесінде энергия ресурсын тұтыну 25-30 пайызға қысқарып, нысанды пайдалану анағұрлым үнемді әрі экологиялық тұрғыдан тиімді болады.

Өзгеріс спорттық инфрақұрылымға да әсер етеді. Шығыс трибунаның астында төрешілерге арналған заманауи бөлмелер, допинг бақылау аймағы және халықаралық спорттық жарыстардың талабына сай, әрқайсының ауданы 50 шаршы метр болатын сегіз кең киім ауыстыратын бөлме жабдықталады.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін "Медеу" қонақүйі де жаңартылады. Ол бір мезгілде 140-қа дейін спортшыны қабылдап, оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасайды.