Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді

Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді
Денис Тен. Фото: ҰОК

Алматыда 7-10 қазан аралығында мәнерлеп сырғанаудан "Денис Тен мемориал" халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, жарысқа әлемнің 25 елінен шамамен 150 спортшы қатысады. Олар ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау, жұптық сын және мұздағы би бағдарламалары бойынша бақ сынайды.

Халықаралық турнир Halyk Arena спорт кешенінде өтеді.

Жарыс қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Сочи қысқы Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің құрметіне ұйымдастырылады.

"Денис Тен мемориалы" Қазақстанда жыл сайын өтетін халықаралық турнир саналады. Оны Қазақстанның Ұлттық конькишілер федерациясы мен Денис Тен қоры ұйымдастырады.

Алғашқы мемориал 2019 жылы өткен. 2021 жылдан бастап турнир ISU Challenger Series халықаралық жарыстар сериясының бағдарламасына енгізілді.

Айта кетейік, 2025 жылғы турнирде ерлер арасында қазақстандық Михаил Шайдоров жеңімпаз атанған. Ол грузиялық Ника Эгадзе мен америкалық Джейсон Брауннан озып шықты.

Ал әйелдер арасындағы бәсекеде Оңтүстік Корея өкілі Ли Хэ Ин топ жарған.