Алматыда маусымдық вирустық инфекциялардың көбеюіне байланысты медициналық ұйымдарда қосымша санитарлық шаралар енгізіледі. 1 қазаннан бастап барлық медицина қызметкерлері маска тағуға міндетті болады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалада қазіргі уақытта жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) 19 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Мамандардың мәліметінше, науқастардың жартысынан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Әзірге тұмау деректері анықталған жоқ. Дегенмен зертханалық тексерулер барысында басқа да маусымдық вирустардың таралып жатқаны белгілі болған.
Қала тұрғындары мен қоғамдық көлік жолаушылары үшін міндетті маска режимі енгізілмейді. Алайда дәрігерлер адам көп жиналатын орындарда бетперде тағуды профилактикалық шара ретінде ұсынады.
Мамандар тұрғындарға бөлмелерді жиі желдетіп, қолды мұқият жуып, көпшілік жиналатын орындардан мүмкіндігінше аулақ болуға кеңес береді. Сондай-ақ суық тию белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, сырқат балаларды мектеп пен балабақшаға жібермеу қажеттігін ескертті.