Алматыда дәрігерлер әйелді тұрғын үй ауласында босандырып алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Наурызбай ауданында жедел жәрдем дәрігерлері күрделі жағдайда әйелге көмектесті. Шұғыла шағынауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында қыз бала медициналық зембілде дүниеге келді.
Әлеуметтік желідегі куәгерлердің мәліметінше, аулада көліктер көп қойылуы дәрігерлердің босанып жатқан әйелге тез жетуіне кедергі болған.
Медицина қызметкерлері науқасқа жеткен кезде әйелдің толғағы күшейіп, босану процесі басталып кеткен. Оны ауруханаға жеткізуге уақыт болмағандықтан, дәрігерлер сол жерде көмек көрсетіп, оны босандырып алған.
Жедел жәрдем бригадасы ана мен жаңа туған сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін екеуін де қалалық перинаталдық орталыққа жеткізді.