Алматыда құны 32,5 млрд теңге болатын «Zhetysu» көлік-логистикалық орталығын салу жобасы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесіне байланысты белгіленген мерзімнен кешігуі мүмкін болған. Прокуратураның араласуынан кейін мәселе шешілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жобаны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп «Kazakh-Chinese Trade and Logistics Company (Almaty) Ltd.» жеке компаниясы жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 130 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Инвестор жер учаскесінің нысаналы мақсатын уақытында өзгерте алмаған. Соның салдарынан жоба мемлекеттік сараптамадан өте алмай, оны іске асыру мерзімдеріне қауіп төнген.
Мәселені шешу үшін Алматы қаласының прокуратурасы прокурорлық сүйемелдеу жүргізіп, тиісті шаралар қабылдады.
Нәтижесінде инвестор жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулы алған. Бұл компанияға инвестициялық жобаны әрі қарай іске асыруға мүмкіндік берді.
Алматы прокуратурасы қаладағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына және инвесторлардың құқықтарының сақталуына қатысты жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.