Алматы облысындағы Талғар шатқалында тауға шыққан туристің үстіне тас құлап, ол ауыр жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға теңіз деңгейінен 2 970 метр биікте болған. Бұл туралы хабар түскеннен кейін құтқарушылар дереу жолға шығып, зардап шеккен адамға жеткен. Олар туристке алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның жағдайының ауыр екенін анықтаған.
Осыдан кейін құтқарушылар туристі күрделі таулы аймақ арқылы Кіші Талғар асуына дейін алып шыққан. Эвакуация жұмысына Алматы қаласы альпинизм федерациясының еріктілері де көмектесті. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде зардап шеккен адам "Шымбұлақ" тау курортына жеткізілді.
Одан әрі турист Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлеріне тапсырылып, қалалық ауруханаға жеткізілді.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығатын азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтап, қауіпті учаскелерде барынша сақ болуға кеңес берді.