Алматы облысында алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық іс бойынша күйеуін өлтірді деп айыпталған әйел ақталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 1 мамырда ерлі-зайыптылардың үйінде жанжал болған. Жанжал барысында әйел күйеуінің жүрек тұсына асүй пышағымен соққы жасаған. Ер адам алған жарақатынан көз жұмған.
Сотқа дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде әйелдің ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргені туралы ақпарат тараған болатын. Онда әйелдің бірнеше рет соққыға жығылғаны, тұншықтыру әрекеттеріне ұшырағаны, қыста емізулі сәбиімен бірге үйден қуылғаны және жүкті кезінде жарақат алғаны айтылған. Сондай-ақ оқиға алдында әйел күйеуінің көзіне шөп салғанын біліп, ажырасуға шешім қабылдағаннан кейін ер адамның оған қайтадан күш қолданғаны жөнінде мәліметтер жарияланған.
Алайда соттың ресми хабарламасында бұл деректер іс бойынша анықталған мән-жайлар ретінде көрсетілмеген. Қылмыстық істі Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты алқабилердің қатысуымен қарады. Нәтижесінде алқабилер әйелді кінәсіз деп таныды.
Осы шешім негізінде сот ақтау үкімін шығарып, әйелді қамаудан босату туралы қаулы қабылдады. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабы қанағаттандырусыз қалдырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.