Қазақстанның екі ірі қаласы – Алматы мен Астана Oxford Economics ұйымының Global Cities Index 2026 рейтингінде әлемнің үздік 300 қаласының қатарына кірді. Жалпы рейтингте әлемнің 1000 қаласы бағаланған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, Алматы 265-орынға тұрақтаса, Астана 281-орынды иеленді. Осы көрсеткішпен қос мегаполис рейтингтің алғашқы үштен бір бөлігіне енді.
Ult.kz жазуынша, Орталық Азия бойынша да Алматы мен Астананың көрсеткіші жоғары болды. Мәселен, Тбилиси 287-орынға, Киев 304-орынға, Мәскеу 313-орынға, Баку 323-орынға жайғасты. Санкт-Петербург 454-орыннан, Бішкек 461-орыннан көрінді.
Қазақстандық қалалар әсіресе адами капитал бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Бұл санатта Алматы әлем бойынша 66-орынды, ал Астана 98-орынды иеленді.
Аталған көрсеткішті есептеу кезінде халықтың білім және біліктілік деңгейі, еңбек нарығының жағдайы, кадрлық әлеует, сондай-ақ қаланың мамандарды тарту және ұстап қалу мүмкіндігі ескеріледі.
Ал экономикалық көрсеткіш бойынша Астана 264-орынға шықса, Алматы 288-орынға орналасқан.
Global Cities Index қалаларды бес негізгі бағыт бойынша бағалайды. Олардың қатарында экономика, адами капитал, өмір сүру сапасы, экологиялық жағдай және басқару жүйесі бар.
2026 жылғы рейтингте алғашқы үш орынды Нью-Йорк, Лондон және Париж сақтап қалды. Ал алғашқы жүздікке енген қалалардың басым бөлігі Еуропа мен Солтүстік Америкаға тиесілі.