Алматы халықаралық әуежайында Fly Arystan әуе компаниясының ұшағында өрт шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әуе компаниясының баспасөз қызметі оқиғаның 28 тамыз күні Алматы әуежайында болғанын растады.
Air Astana мәліметінше, өрт техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде шыққан.
– Жұмыстарды орындау барысында жергілікті өрт шығу оқиғасы болды. Әуежайдың жедел қызметтері оны қысқа уақыт ішінде толық сөндірді. Air Astana тобының бір қызметкері жарақат алып, оған медициналық көмек көрсетілді. Кейін дәрігерлер оны ауруханадан шығарды, – деп хабарлады әуе компаниясы.
Оқиға кезінде ұшақ бортында жолаушылар мен экипаж мүшелері болмаған.
Қазір әуе кемесі уақытша пайдаланудан шығарылды. Мамандар ұшаққа келтірілген зақым көлемін анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін бағалап жатыр.