Алматының қоғамдық көлігі жаңа 101 автобуспен толықты – Ерболат Досаев

Жарбол Кентұлы 29 там. 2024 09:53 1688

Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев аудандағы жол инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жұмыстарына тоқталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мегаполис басшысы бүгінгі таңда ауданда ағымдағы жөндеу аясында 25 мың шаршы метр жол төсемі жөнделгенін, ал биылғы жоспар – 47 мың шаршы метр екенін хабарлады.

– Қазірдің өзінде 2,3 шақырым тротуар жабдықталып, 2 шақырым арық желісі салынды, қазан айының соңына дейін тағы 6,9 шақырым арық қамтылады. Сондай-ақ, өткен айда 14 көшеде 12,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Қыркүйек айының соңына дейін Исаев көшесінде ұзындығы 1,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталады, – деді Ерболат Досаев.

Қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасын арттыруға тоқталған Алматы әкімі биыл жылжымалы құрам 101 автобусқа, 327-ден 428 бірлікке көбейіп, 24 маршрутта жаңартылғанын айтты.

Жалпы, Алматыда биыл ұзындығы 250 шақырым болатын 274 көше орташа жөндеуден өтті. Осылайша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесін 92%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен газбен жүретін 600 автобус, 100 электрлі автобус және 112 троллейбус сатып алынады. Жеке автопарктер осы жылдың бірінші жартыжылдығында газбен жүретін 150 автобус пен 15 электробус сатып алды. Қазіргі уақытта қаланың троллейбус паркі толығымен жаңартылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар