Қоғамдық белсенді Санжар Боқаев Алматыда материалдардың ұрлануы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мердігерлер шенеуніктермен бірге абаттандыру деген желеумен көшелерден әлі жаңа брусчатканы алып, оны жеке нысандарға әкетіп жатыр. Белсенді бұл сәттердің барлығын видеоға түсіріп, әлеуметтік желісінде жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
27 тамыз күні таңертең Боқаев «12 ай» аллеясында жұмысшылардың бюджет есебінен алынған жаңа плитканы бұзып, манипуляторға тиеп жатқанын байқайды. Белсенді жүк көлігін бақылап отырып, оның Жандосов ауылына жеткенін көреді. Онда брусчатка жеке үйдің жанына түсіріле бастаған.
Боқаев полиция шақырып, іске жедел-тергеу тобын тартуды талап етті.
"Плитка әлі жақсы күйде тұрды, ауыстырудың қажеті болған жоқ. Олар сапалы брусчатканы шешіп алып, сатып жібереді. Ал орнына сәл өзгеше, бірақ жаңа плитка төсейді. Ақша игеріледі, материалдар жоғалады", – деді белсенді.
Уәлиханов көшесін абаттандыруға бюджеттен 490 миллион теңге жұмсалған. Алайда, Боқаевтың айтуынша, қаражат жарамды жабындарды бұзып, ауыстыруға кетіп жатыр. Ал бұл кезде қаладағы екі жүзден астам көше әлі асфальт көрмеген.
Белсендінің айтуынша, «облавадан» кейін манипуляторлардың бірі плитканы түсірмей, Алматыдағы әкімдік базасына қайтарып берген. Мұның бәрі оның көз алдында болған. Боқаев бұны материалды заңсыз сатуға әрекеттенгеннің дәлелі деп есептейді. Бірақ белсендінің араласуының арқасында бұл жоспар жүзеге аспаған.
Алматылықтар да жағдайға наразы:
"Мен айтамын: «Неге бұны әкетіп жатырсыздар? Еш болмаса біздің аулаларға әкелер едіңіздер. Бұл сұмдық қой, варварлық", – дейді әйел белсендімен әңгімесінде.
Боқаев мұндай жүйе бұрынғы әкім Ерболат Досаев тұсында пайда болғанын, ал қазіргі қала басшысы әзірге жағдайға араласып үлгермегенін айтты.
"Сіздер бізден бұрын барып, мұның бәрін тоқтатуларыңыз керек еді. Қайда болдыңыздар?", – деді ол.
Белсенді жиналған материалдарды Антикоррупциялық қызмет пен ҰҚК-ге беруге уәде етті.