Басқарма жыл басынан бері 230 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасы нормалары бойынша 294 заң бұзушылықты анықтап, оларды жою үшін 159 ұйғарым шығарған.
– 20,4 млн теңге сомасына 112 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалақыны уақтылы төлемегені үшін 13,3 млн теңге сомасына 82 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді спикер.
Сонымен қатар басқарма қызметкерлері қаладағы кәсіпорындар арасында Еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру үшін 1 716 адамның қатысуымен 82 кездесу өткізген. 451 азаматқа еңбек заңнамасының нормалары бойынша түсініктемелер беріліпті.
177 кәсіпорында 116,4 млн теңге сомасына жалақы бойынша берешек өтелді, осылайша 764 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалған.
– Қала кәсіпорындарында жасалған 27 551 Ұжымдық шарттың (2023 жылдың басынан бастап 100 КД) мониторингі мен тіркеуі жүзеге асырылды, – деп толықтырды Еркінбек Әмірғалиев.
Қала кәсіпорындарында өндіріске байланысты 30 жазатайым оқиға анықталып, тіркелді. Зардап шеккендердің саны – 31, оның ішінде 4 адам өлім құшты, 9 адам ауыр жарақат алса, 18 адам жеңіл жарақат алған.
Бас еңбек инспекторының деректері бойынша Алматыда жұмыс істеп тұрған 113 916 кәсіпорын бар, жалдамалы қызметкерлер саны – 897 925 адамды құрайды.