Алматылықтар дәстүр бойынша қала күнін атап өтуде

Dalanews 21 қыр. 2025 15:44

Алматыда қыркүйектің үшінші жексенбісінде дәстүрлі Қала күні мерекесі басталды. Мегаполис аумағында концерттер, көрмелер, флешмобтар, фестивальдер мен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Қала әкімінің құттықтауы

Мерекелік бағдарламалар Астана алаңында өткен концерттен бастау алды. Онда қала әкімі Дархан Сатыбалды алматылықтарды және қала қонақтарын Қала күнімен құттықтады.

"Баршаңызды шын жүректен Қала күні мерекесімен құттықтаймын! Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі, еліміздің жаңа дәуірі басталған шаһар. Алматының ең үлкен байлығы – оның тұрғындары. Сіздердің еңбектеріңіз бен белсенділіктеріңіз қаламызды заманауи әрі серпінді мегаполиске айналдырып отыр. Біз Алматыны жайлы да өркендеген қала ету үшін бар күшімізді салып келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге экология, қауіпсіздік және қалалық ортаның сапасына ерекше мән беруді тапсырд", – деді қала әкімі.

Даму бағыттары

Әкімнің айтуынша, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Алматыда бес негізгі даму бағыты белгіленген. Олар – көлік жүйесін жаңғырту, экологияны жақсарту, бизнесті қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындармен ашық диалог орнату.

"Осы басымдықтарды жүйелі орындау Алматыны шынымен жасыл, қауіпсіз әрі қолайлы қалаға айналдырады", – деп атап өтті Сатыбалды.

Alma Fest-2025

Ресми құттықтаудан кейін әкім Alma Fest-2025 фестиваліне қатысты. Тұңғыш Президент саябағында өткен мерекеде фермерлер шамамен 100 тонна алма әкелді. Қонақтар сүйікті сорттарының дәмін татып, түрлі көрмелер мен ұлттық дәстүрлерге толы бағдарламаны тамашалады.

Саябақ аумағы дәстүрге сай егін мен мәдениеттің үлкен мерекесіне айналды. Мұнда алма жәрмеңкесі, этноаймақ, қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі, гастрономиялық алаңдар, балмұздақ фестивалі мен ашық аспан астындағы кинотеатр ұйымдастырылды.

Қала бойынша шаралар

Жалпы Қала күні аясында Алматыда мазмұнды бағдарлама әзірленді. Әр ауданда экологиялық акциялар, жәрмеңкелер, флешмобтар, кітапханаларда әдеби кештер, мұражайларда тақырыптық көрмелер өтуде. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, спорттық жарыстар мен мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар