Алматыдағы заңсыз құрылыстар туралы былықты әшкерелеген депутатқа Бектенов жауап берді

Сағыныш Сардарова 03 қаз. 2025 10:58

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің сауалына ресми жауап берді. Бұған дейін депутат Алматының тау бөктерінен жер берудің заңдылығы мен құрылыстың нысаналы мақсатының өзгеруіне қатысты тексеріс жүргізуді талап еткен болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бақытжан Базарбек тыйымға қарамастан қала маңындағы тау жоталары кесіліп, элиталық коттедждер салынып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұздықтар мен мореналық көлдер ерісе, Алматыға үлкен апат төнуі мүмкін. Сондай-ақ, ол рұқсатсыз салынған 40 қабатты ғимарат пен басқа да тұрғын үй кешендерін атап өтті. Депутаттың сөзінше, кейбір нысандарды бұзу туралы сот шешімдері жылдар бойы орындалмай келеді. Сондықтан ол бақылауды күшейтіп, заңсыз құрылыстарды тоқтатуды талап етті.

Ал Олжас Бектеновтың айтуынша, таулы аймақтағы жер учаскелерін бұған дейін Алматы облысының Қарасай және Талғар аудандары әкімдіктері берген, ал 1998–2014 жылдары бұл аумақ Алматының құрамына қосылған. 2021 жылдан бері жаңа учаскелер бөлінбеген.

"Қазір Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті 25 жер учаскесіне қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл олардың берілу заңдылығын анықтауға және тиісті шара қолдануға бағытталған", – деді премьер-министр.

Сонымен қатар, Қала құрылысын бақылау басқармасы заңсыз құрылыс жүргізгендерге әкімшілік шаралар қолданып жатыр.

Жекелеген нысандарға қатысты деректер:

  • "Беверли Хиллс" коттедж қалашығы рұқсат құжаттары негізінде пайдалануға берілген (2021–2022 жж.);

  • Көлсай шағынауданындағы бірқатар учаскеге рұқсат берілмеген, кей нысандар ішінара пайдалануға берілген;

  • "Горный гигант" 554 учаскесінде жоба құжаттамасы жоқ, құрылыс салушыға шара қолданылып, сотқа сүру туралы талап жолданған;

  • "Горный гигант", 20А учаскесіне тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берілген (2021 ж.);

  • Prime Park ТК бойынша заңбұзушылықтар жойылып, талаптар орындалған;

  • "Монблан" және "Швейцария" тұрғын үйлеріне қатысты сот нысандарды сүру туралы шешім шығарған, оның орындалуы әділет органдарының бақылауында.

2025 жылы Алматының Әділет департаментінің өндірісінде 35 іс болған, оның 20-сы орындалған (57%). Бірқатар нысан толық немесе ішінара бұзылған. 

Бектенов 4 тамызда Алматының жоғарғы бөлігінде көпқабатты үйлер салуға мораторий енгізілгенін еске салды. Қазір депутаттың сауалында айтылған деректер бойынша тексеріс жүріп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша ақпарат депутатқа жіберіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар