Журналист Михаил Козачковтың мәлім еткеніндей, Алматыдағы ІІМ академиясының территориясын ықпалды шенеунік меншіктеп алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Өткен аптада Алматының тау бөктеріндегі мәселелерге арналған “Антикор” отырысы өтті. Таудың төбесіне шығып кеткен коттедж үйлердің кесірінен төтенше жағдай орын алып, мұның соңы адам өліміне әкелді. Құқық қорғау органдары әкімдіктің бір жағына шығысып, тәртіп орнатуға көмектесуде”, - дейді журналист.
Айтуынша, таудың етегіндегі жерді оңды-солды сату мәселесі шенеуніктер мен судьялардың кәсіп көзіне айналған. Мемқызметшілердің іс-әрекетінен заң бұзушылықтар анықталса да, олардың көпшілігі жазадан жалтарып кеткен.
“Осы тұста Ішкі істер министрлігінің жерімен байланысты таңғаларлық жайтқа тоқталғым келеді. Ерменсай ықшамауданында ІІМ-не қарасты оқу-жаттығу полигоны орналасқан. Ал оның айналасында құны жүз мыңдаған доллар тұратын сәнді тұрғын үй кешендері мен зәулім үйлер бар. Бұлардың дерлігі бұрын академияға тиесілі аумақта орналасқан”, - дейді ол.
Оның сөзінше, мұнда бірқатар ықпалды шенеунікке тиесілі ғимараттар бой көтерген.
“Мәселен, мұнда Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы әзірбайжандары қауымдастығының жетекшісі Әбілфас Хамедов қоныстанған. Ол бұл араға қалай тап болды? 2004 жылы ол Алматы облысы Қарасай ауданындағы 75 шаршы метр бос ғимаратты аукцион арқылы сатып алған”, - дейді журналист.
Заң бойынша егер адамның меншігінде ғимарат болса, арнайы қызмет үшін жер алуға да құқығы бар.
“Хамедов осы мүмкіндікті мүлт жібермей, әкімдікке ғимаратты сумен қамтамасыз ету үшін сорғы және хлорлау стансасын орнатқысы келетінін айтып, жер беруді сұраған. Қарасай ауданы әкімінің қаулысымен оған 53 гектар жер бөлінген. Кейін электр трансформаторын орнатуды сұрап тағы 33 гектар жер сұраған, ол өтініші де орындалған”, - дейді Козачков.
Әріптесіміздің айтуынша, осы тұста аудан әкімі тарапынан заңға қайшы әрекетке жол берілген. Әкімдік академияға тиесілі жерді еш сұраусыз беріп жіберген.
“Кейін 2007 жылы қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанда әкім Болатбек Құтпанов қайтыс болады. Тергеу аясында шенеуніктің жер учаскелерін беру арқылы өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды - Алматыдан 20 шақырым радиуста бұл іспен аудан әкімі емес, Алматы облысының әкімі ғана айналыса алады.
Тергеу барысында Хамедовтың жерді қалай иемденгені белгілі болады, алайда облыстағы ауданаралық бөлініс істі тұйыққа тірейді. Қарасай ауданының бір бөлігі Алматы қаласына өтіп, артынша генплан өзгеріп, Ішкі істер министрлері мен академия басшығында ауыс-түйіс болады”, - дейді ол.
Осы жылдар аралығында Хамедовтар әулеті аудандағы су мен электр қуатын өндіретін ірі монополиске айналған.
“Олардың иелігінде "Орхан" ЖШС-сы ондаған мың тұтынушылар үшін жалғыз тасымалдаушы. Су мен кәріз тарифі қаладағыдан екі есе жоғары, электр энергиясы да әлдеқайда қымбат. Жергілікті тұрғындар әкімдікке арыз жазып, мемлекеттік органдар айыппұл салуда, Алматы әкімі Ерболат Досаев таяуда ауқатты кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады. Бірақ бұдан нәтиже болмай тұр.
Ақыр соңы депутаттың ісімен Ішкі істер министрлігінің академиясы айналысуға мәжбүр болды. Оқу орны бұған дейінгі Қарасай әкімдігі шығарған қаулылардың күшін жою туралы сотқа шағым түсірді”, - дейді Козачков.
Нәтижесінде, Судья Роллан Дүйсенбиев академияның арыз-шағымы орынды, мекеменің жері заңсыз алынған деген қорытындыға келген.
“Кейін істі Жоғарғы Сот тексеріп, прокуратураның ұстанымы аяқасты өзгерген. Іс жаңа сот талқылауына жіберіліпті. Алматы облыстық соты барлық мән-жайды қайта зерттей келе, академияның өтінішін кері қайтарған”, - дейді ол.
Айтуынша, сот негізгі дәлелдің бірі ретінде мерзімнің өтіп кеткенін арқау еткен. Осы тұста журналист кейбір талаптар үшін ол жүзеге асса, басқалары үшін мүлдем еленбейтінін айтып шүйлікті.
“Бұл процесте кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тағы да Жоғарғы Сот анықтауы керек. 75 шаршы метр қираған ғимарат пен 86 гектар жерді сатып алған дептута пен соның салдарынан оқу-жаттығу алаңынан айырылған академияның арасында дау-дамай кімнің пайдасына шешілерін уақыт көрсетеді", дейді әріптесіміз.