Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы ресейлік блогер Наталья Грейске сұхбат берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бишімбаевтың анасы Әлмира Бишімбаева ұлын "ана ретінде қолынан келгенше қорғап жүргенін" айтып, көзіне жас алды.
"Әрине, бұл өте ауыр трагедия. Салтанатты ата-анасын түсінемін. Үйімізде үлкен трагедия. Әлеуметтік желіде негатив материал көп. Бірақ жақсы адамдар да көп. Жағалауда жүрген кезімде шамамен 40 жастағы әйел келіп, "апай, сіз Қуандық Бишімбаевтың анасысыз ғой? Бекем болыңыз, біз сізді түсінеміз, сізді қолдаймыз" деді.
Мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Бірақ мұндай нәрсені ешкімге тілемеймін. Ұлымды өте қатты жақсы көремін, ұлымызбен мақтанамыз. Бірақ осындай жағдай болып қалды. Неге бұлай болғанын әкесі екеуіміз де түсіне алмадық. Ол қатал адам болған емес. Бала күнінен өзіне жауапкершілікті ала білетін адам болған. Үнемі бізге қамқор болатын. Үш жыл бұрын әкесі қатты ауырып қалған кезде дәрігер тауып, емдетті. Үнемі бізге алаңдап жүреді", - дейді Әлмира Бишімбаева.
Сонымен қатар, Уәлихан Бишімбаев та ұлының ісіне қатысты пікір білдірді.
"Иә, ол кінәлі, ол жазалануы керек. Біз үшін бұл үлкен трагедия. Себебі Салтанат та біздің отбасымыздың мүшесі. Өз қызымыздай қарайтынбыз. Олар бақытты болғысы келді, бір-бірін жақсы көретін. Қуандықпен арасында сөзге келіспей қалатынбыз, бірақ ешқашан қол көтерген емеспін. Бұл біздің отбасымызға жат дүние", - дейді Уәлихан Бишімбаев.
Әлмира Бишімбаев ұлы Салтанатты өлтіру ойы болмағанын айтады.
"Ең біріншіден, Қуандықта Салтанатты әдейі өлтіруге себеп болған жоқ. Ол Салтанатты жақсы көретін. Ол өте мейірімді, қамқор адам. Әдейі қаскөйлікпен өлтіруі мүмкін дегенмен ана ретінде келіспеймін", - дейді Әлмира Бишімбаева.
Сонымен қатар, Әлмира Бишімбаева сотта сөз болған "атаракс" препараты туралы айтты.
"Ол дәріні Салтанат үшін алды. Себебі оның көңіл-күйі тұрақсыз болатын", - дейді Әлмира Бишімбаева.
"Бастапқыда екеуі қосылған кезде әрине қуандық. Себебі ұлымыз бақыттан басы айналып жүрді. Ол жақсы көретіні байқалды. Бірақ уақыт өте келе ол қателескенін білдік. Қазақта "жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді" деген түсінік бар. Олар бір-бірін жақсы көргенімен бір-бірін жақсы танымай жатып үйленді", - дейді Уәлихан Бишімбаев.
Әлмира Бишімбаева ұлы Салтанатқа үйленер алдында қандай болғанын әңгімеледі.
"Қуандық Салтанатпен танысқанға дейін спортпен көп айналысатын, балаларына көп уақыт бөлетін. Ұлы Мансұр Назарбаев университетіне грантқа түсті", - дейді Бишімбаева.
Сондай-ақ сұхбатта Әлмира Бишімбаева Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелдімен болған жанжал туралы айтты.
"Оқиға 20 наурызда болған. Біз ол кезде Шымкентте едік. Түнгі екіде Айтбек маған хабарласып, маған былапыт сөздер айтып, "немереңді ұстап отырмын, Салтанат қайда?" дейді. Мен қорқып, немеремді жіберуін сұрадым. Ранияның (Бишімбаевтың қызы) айтуынша, Айтбек оларды қатты қорқытып тастаған. Қуандыққа хабарластым, ол бәрі дұрыс екенін және балаларды бөлмеге кіргізгенін айтты. Ал Айтбек үйдің астаң-кестеңін шығарып, қолына ас үйдегі пышақты алып, Қуандыққа шабуылдаған", - дейді Әлмира Бишімбаева.
Еске салайық, бұған дейін Әлмира Бишімбаева сотта сөз сөйлеген болатын.
Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты мәскеулік сарапшының сараптама нәтижесінің шешімін іс материалдарына қосуды қолдауды сұрады.
"Мен, әрине, заңгер емеспін. Бірақ егер біздің мәскеулік сараптаманың нәтижесін қабылдамасаңыздар, менің ұлымның конституциялық құқығы бұзылады деп ойлаймын. Сондықтан сот, алқабилер, прокурорлар мен жәбірленуші тараптан мені ана ретінде түсінуді сұраймын. Мұны шын жүрегіммен айтып отырмын", - дейді Бишімбаевтың анасы.
Бишімбаевтың анасының атына тіркелген 6 компания бар болып шықты.
Ал әкесі Уәлихан Бишімбаев – белгілі ұстаз. Бірнеше жыл әртүрлі жоғары оқу орнында ректор болған. 2006 және 2007 жылдары "Жоғары оқу орындарының үздік ректоры" атанған. Ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1994-1996 жылдары – Қызылорда облыстық мәслихатының, 2003-2012 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының, 2012-2016 жылдары парламент мәжілісінің депутаты болған.
Уәлихан Бишімбаев атында ешқандай бизнес тіркелмеген. Бұл әулеттің кәсібін экс-министрдің анасы Әлмира Нұрлыбекова басқарады. Оның атында ресми 6 компания бар.