Алматыдағы №1 облыстық балалар үйінде қалыптасқан ахуалға байланысты Президент әкімшілігі арнайы комиссия құрды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Комиссия мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, мекеме басшылығы және қызметкерлерімен, сондай-ақ білім саласының өкілдерімен кездесті. Олар балалардың тұрмыстық жағдайымен, білім алу және өмір сүру жағдайларымен, ғимарат пен оған жақын орналасқан инфрақұрылымның ахуалымен танысты.
«Қазіргі уақытта комиссия балалар үйін көшіру туралы шешім қабылдауға байланысты барлық құжаттарды жан-жақты тексеріп, талдауда. Комиссия мүшелері әсіресе жетім балаларға қатысты әлеуметтік және құқықтық кепілдіктердің орындалуына ерекше көңіл бөледі. Тексеру барысында басты назар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған», – делінген Президент әкімшілігі таратқан хабарламада.
Осыған байланысты Алматы облысының әкімдігі де өз тарапынан қызметтік тексеріс бастағанын хабарлады. Әкімдіктің мәліметінше, жедел кеңес өтіп, басқарушылық шешімдерде қателіктерге жол берген тұлғалардың жауапкершілігін анықтау және тиісті шараларды қабылдау тапсырылды.
«Осы мәселе бойынша қызметтік тексеріс басталды. Басқару шешімдерінде кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады», – деді әкімдік өкілдері.
Әкімдіктің айтуынша, қазіргі таңда балалар үйінің тәрбиеленушілері бұрынғы мекенжайы бойынша Алматыда білім алып, сол жерде тұра береді. Ал ерікті түрде жаңа ғимаратқа – Қонаев қаласындағы облыстық балалар үйіне көшкісі келген тәрбиеленушілерге мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, Баганашылдағы балалар үйінің ғимаратын Алматы қаласының әкімдігі балансына беру мәселесі мемлекеттік органдар арасында пысықталуда.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Қонаев қаласындағы жаңа ғимаратқа осы кезге дейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының 39 тәрбиеленушісі өз еріктерімен көшкен. Олардың ішінде Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері жоқ.