Бюджеттен бұл үшін бақандай 1 млрд 200 млн теңге бөлініпті. Бірақ оған небәрі сегіз шақырым жер жөнделмек. Ал Алматы өзендерінің жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асады, оның 30 шақырымы аса қауіпті деп танылған. Соған қарағанда, алматылықтар әлі біраз жыл жаңбыр суын тізеден кешіп жүретін сыңайлы.
Есентай және Қарасу өзендерінің бойында кешегі жауынның салдарын жою үшін емес, алда болуы мүмкін тасқынның алдын алу үшін жұмыс жүргізілуде. Қаланың төменгі бөлігіндегі осы аймақтар қазір ең қауіпті деп танылған. Себебі арнасынан асатын өзен ғана емес, жер асты сулары да бар.
«Біздің айналамыздағы алты үй сайда орналасқан. Жаңбыр жауса, көршілеріміз бақшасын суғарса үйіміз суға толып кетеді. Жер асты суларының кетер жері жоқ. Себебі осыдан тоғыз жыл бұрын өзен арнасын көтеріп тастаған. Біз соның зардабын тарттық», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Владимир Шленских.
Қазір аталған аймақтардағы өзен жағалаулары тас толтырылған темір торлармен бекітіліп, арнасы тазартылып жатыр. Бірақ одан келер пайда шамалы дейді тұрғындардың өздері.
– Жаңбыр жаса бір уайым. Өзен көтерілсе, ұйқы жоқ. Жағалауды мынадай тастармен бекіткені дұрыс емес. Оның ортасынан су өтіп кетеді. Бетондау қажет, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Надежда Гилева.
Алматы аумағынан 320 шақырымға созылатын 28 өзен өтеді. Оның тек үштен бірінің жағалауы нығайтылған. Биыл Есентай мен Қарасу өзендерінің сегіз шақырымын жөндеуге 1 млрд 200 млн теңге бөлініпті. Қалғаны қашан жөнделетіні тағы белгісіз.
Жаңбырдан кейін міндетті түрде тізеден су кешетін Алматының жайы өткен аптада Үкіметте қозғалып, премьер-министр әкімге ескерту жасаған. Араға апта салып Мәсімов жағдайдың оңалмағанын Байбектің тағы бетіне басты.
Байбек жағдай бақылауда деп сендіруге тырысқанымен, жағдайды өзім көремін деген Мәсімов Алматыға әлі жете алмай жүр. Дегенмен, алдағы күндері міндетті түрде келіп, өзен аңғарларын жаяу араламақшы.
– Біз екеуміз мен келгенде арықтарды аралаймыз. Ал сіз мен келгенше өзіңіз бір аралап шығыңыз, – деді Мәсімов.
Айналаны таза ұстау – бұл ел болып ортақ мақсатқа ұйысудың кішкентай ғана көрінісі. Егер біздер осындай қарапайым іс-әрекеттерді өмірлік дағдымызға айналдырсақ, қоғамда орын алған мәселелерге бей-жай қарамайтын көңілі ояу, сергек халыққа айналар едік. Әзірше үй іргесінен өтетін арығымызды таза ұстай алмай отырмыз. Керісінше барлық қоқысты арыққа тастаймыз. Көше сыпырушылар да айналаның қоқысын сыпырып, арыққа итере салады.
Қазір қалалы жерде қарды арықтарға үйіп тастау да үйреншікті жағдайға айналған. Ал қар ерігенде арықтар бітеліп, айналаны топан су басады. «Ауыз ас ішерде, көтен т… керек» дегендей, бізге арық тек көктемде ғана керек. Ал қалған уақытта арықпен ісіміз болмайды.
Ақыр айттық қой, мына бір мәселені де айта кетейік. Қазір қалалардың маңында жаңа елді мекендер бой көтеріп, үйлер көптеп салынып жатыр. Сол елді мекендерде арық дегеніңіз атымен жоқ. Жауған қар ерісе, көше көл-дария болады.
«Өзіме болсын» деген принципті мықтап ұстанған жұрт арық жатуы тиіс жердің бәрін жергілікті сәулет мекемесінің мамандарына беретінін беріп, қарыс сүйем жердің бәрін қоршап, заңдастырып алған. Реті келсе көшені де қоршап, заңдастырып алудан тайынбаймыз. Ал заң нормаларын сақтайды деген жергілікті сәулет мекемелеріне ақшаның шетін көрсетсең, бәрін заңдастырып беруге даяр.
Енді не істеуіміз керек? Екі мәшине қатар келсе, үлкен дау болатын мұндай көшелерде арық қазатын орын мүлде жоқ. Бұл мәселені жергілікті сәулет мекемелері шешіп бермесі анық. Бұдан жапа шегетін сол көшенің тұрғындары.
Әркім қоршауын бір метр кері тартып, үйінің тұсынан 10-15 метр арық қазса, бар мәселе шешілер еді. Оған біздің халықтың ерік-жігері жете ме?
Бірақ мұндай қадамға ешкім барғысы келмейді. Қайта ебін тауып, бір қарыс жерді бауырымызға басып қалуға тырысамыз. Бұдан кейін қайтіп ел боламыз?
Қар мен жаңбырдың суы ағатын арық болмаған соң, көшеде көлкіп, бір жылда асфальтталған жолдың астына сіңіп, талқанын шығармай ма? Осының бәрін біле тұра, арықты қазудан, тазалаудан неге қашамыз.
Егер біз ел болуды ойласақ, арық пен тоғандарымызды таза ұстауымыз керек. Қарапайым тұрмысымызды түзеуге ықпал ететін осындай игілікті істерге жұрт болып жұмылу деген мүлде жоқ. Билік осы жағын ойлауы керек.