«Анамның үйінде үнемі «Асыл арна» қосулы тұрады. Ол кісінің намазға жығылып, ораза ұстағанына көп жыл болды. Алматыдағы Жандосов пен Розыбакиев қиылысындағы мешітте күні-түні дұға жасайды, араб тілінің сабағына барады. 38 жасында жесір қалған жалғыз басты әйелдің өмірдегі тірегі осы боп тұр. Бірақ, менің айтайын дегенім бұл емес. Көзбен көріп отырғаным мені қатты алаңдатады. «Асыл арна» да, мешіттегі имамдар да шынайы өмірден өте алшақ-ау...», – деп жазады журналист.
Оның айтуынша, республика деңгейінде террористік қауіптің сары деңгейі жарияланғанда, анасы бұл туралы мүлде бейхабар болып шыққан. Осы орайда халықты сабырға шақырып, діни сауатты ашуда арқа сүйейтін жалғыз арна да «ләм-лим» демеген. Осыдан барып БАҚ өкілі бір салада біте қайнасқан әріптестерінің жұмысын сынға алды.
«Асыл арнаны» көріп отырып байқаймын, олардың бағдарламасы бүгінгі күннің талабына сай емес. Ақтөбедегі оқиғадан ешқандай сабақ алмаған, етек жеңін жимаған. Хабарлары сол күйінше, жайбырақат, солыңқы күйде жүріп жатыр. Ал, меніңше, Ақтөбе оқиғаларынан кейін бұл арна бүкіл «сеткасын» қайта қарап, xабардағы екпінді, назарды неге аудару керектігін жіті бақылап, мемлекет мүддесін, қала берді тыныштығымызды қорғайтын бірден бір арна болуға тиісті еді ғой», – деп күйінеді тележүргізуші.
Осы орайда мешіттегі имамдар үлкен кісілерге де, жастарға да Құран сүрелерін ғана емес, сондай-ақ бұл мемлекет қазір қандай кезеңді бастан өткеріп жатқанын, түрлі діни ағымдардың жетегінде кетіп, қателескен момындарды жолға салу жөнінде сөйлесу керек деп санайды ол.
«Анаммен осы мәселелерді қозғап тілдесейін десем, әңгімеміз мүлде жараспайды. Ол кісі иә бұл жайттардан xабарсыз, иә мешіттерде тек қана мұсылман парызы жайлы әңгіме болады. Алаңдау, осы жайлы ойлану, жақындарымен сөйлесіп, ең бірінші отбасына берік болу жоқ. Құдайға құлшылықты бірінші орынға қойып, қасындағы жақындарын көрмеуге шақыра ма білмеймін... Өмір бөлек, дін бөлек. Үйде де бөлек адам бола бастадық. Алаңдаймын...», – деп ойын түйіндеді Д.Нұржігіт.