Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері 100 жасқа толды

Самал Асқар 14 қаң. 2026 13:29

Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Анатолий Назарович Поповтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ардагерді Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Бостандық ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері арнайы барып құттықтады. Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хаты мен естелік сыйлықтарын табыстап, ерлігі мен әскери борышқа адалдығы үшін алғыс айтты.

Қонақтарды жылы қарсы алған ардагердің қызы Наталья Косолапова отбасы атынан ризашылығын білдірді.
«Әкемізге көрсетілген қамқорлық пен құрмет үшін әскери қызметшілерге шын жүректен алғыс айтамыз. Бұл біздің отбасымыз үшін өте маңызды», – деді ол.

Анатолий Попов 1926 жылғы 13 қаңтарда Алматы облысы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Соғыс жылдарында әскери байланысшы мамандығын меңгеріп, 2-ші Прибалтика майданы құрамында шайқасқан, Рига түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Ол «Риганы азат еткені үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және өзге де марапаттармен наградталған.

Соғыстан кейін Саратов әскери-медициналық училищесін тәмамдап, Германияда әскери қызметін жалғастырған. Кейін Алматыға оралып, зейнетке шыққанға дейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметте фельдшер болып еңбек еткен.

Мерейтой – майдангердің Жеңіске қосқан үлесі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove