Алматыда тауда жоғалып, кейін денесі табылған үш жігіт жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.
Құтқарушылар алдымен 20 жастағы жігіттің денесін "Локомотив" шыңынан түсірген. Араға бір тәулік салып, тағы екеуінің мәйіті 4 мың метр биіктен табылды. Марқұмдар тау шыңын бағындыруға кетіп, көшкіннің астында қалып қойған.
"Іздестіру кезінде "Локомотив" шыңында көшкін жүргені анықталды. Үш жігіттің мәйіті дәл сол теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктегі шыңнан табылды. Іздеу кезінде ауа райы мен ұйытқыған жел жұмысымызға қатты кедергі келтірді. Қар қалыңдығы тізеден асады. Марқұмдарды төменге түсірудің өзіне алты сағаттан аса уақыт кетті", - деді Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцев.
17, 19 және 20 жастағы үш жігіт өткен сәрсенбіде тауға аттанған. Олар Іле Алатауының "Мыңжылқы" шатқалы мен "Локомотив" шыңына жеткенде байланыс үзіліпті. Үшеуі де бұрыннан тауға саяхаттап, шыңға шығуды ұнатқан.
"Үш жыл тәжірибесі бар", - дейді жақындары.
