Алматы қаласы табиғи апат қаупі жоғары аймақтардың бірі болғандықтан, Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін күшейтуге бағытталған кең көлемді профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ТЖД мәліметінше, қала бойынша жер сілкінісі кезіндегі әрекеттер, биік ғимараттардағы өрт қауіпсіздігі, таулы және орманды аумақтардағы қауіпсіздік, су айдындарындағы тәртіп, сондай-ақ балалардың терезеден құлауын алдын алу сияқты маңызды бағыттарда түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр.
Сейсмикалық қауіпсіздік - басты назарда
Алматы қаласы тұрғындарының барынша қамтылуын қамтамасыз ету үшін ТЖД мамандары сейсмикалық қауіпсіздік бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады.
Қала аумағындағы көпқабатты үйлер мен жеке секторларда құтқарушылар тұрғындармен жеке кездесулер өткізіп, оларға:
-
«Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам»,
-
ТЖ жағдайында қажет болатын «дабыл шабаданының» құрамы туралы нақты нұсқаулықтар берді.
Халық көп жиналатын орындар назардан тыс емес
Сауда орталықтары, бизнес нысандары, білім беру ұйымдары сынды адамдар көп жиналатын орындарда да қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілді.
Жоспардан тыс түрде білім беру ұйымдарының басшылары арнайы оқытудан өтіп, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерді пысықтады.
3000-ға жуық нысандық жаттығу өткізілд
Қалада жалпы тұрғындарды қамтитын ірі сейсмотренингтер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, шамамен 3000-ға жуық мекеме мен ұйым «нысандық сейсможаттығудан» өтті.
Бұл жаттығулар:
-
мектептерде,
-
балабақшаларда,
-
ауруханаларда,
-
қоғамдық орындарда,
-
ірі тұрғын үй кешендерінде жүргізілді.
Оқу-жаттығу барысында адамдарды эвакуациялау, алғашқы әрекеттер, қауіпсіз орынға шығу дағдылары пысықталды.
180 мың оқушы қамтылды
Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 35 интерактивті сабақ өткізіліп, 180 мыңнан астам оқушы сейсмикалық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларымен таныстырылды.
Сонымен қатар қалалық оқу курстарында 2 мыңға жуық тұрғын арнайы дайындықтан өтті.
Қауіпсіздік мәдениетін арттыру - үздіксіз процесс
Алматы ТЖД мамандарының айтуынша, табиғи және техногендік қауіптерге дайын болу – мегаполис тұрғындары үшін аса маңызды. Сондықтан жаттығулар мен түсіндіру жұмыстарын жыл бойы жалғастыру жоспарланған.
