«Медеу» мұз айдынында Мемлекеттік туды көтеру бойынша салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туды көтеру рәсімі дәстүр бойынша әскери оркестрдің сүйемелдеуімен мемлекеттік әнұранды орындаумен жалғасты. Мемлекеттік тудың ауданы 98 шаршы метр болса, биіктігі 40 метр.
Еске сала кетейік, Республика күні қарсаңында қала әкімі Ерболат Досаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттарды табыстады. Марапатталғандардың арасында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар бар. Сондай-ақ Республика сарайында мерекелік концерт өтті.
– Тәуелсіздік туралы декларация Алматы қаласында қабылданған. Сондықтан қастерлі мереке деп санаймыз. Оның мән-маңызын жастарға үйрету, насихаттау осындай іс-шаралар арқылы ңске асады, – деді Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.
Ал жастар атынан сөз сөйлеген Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Бағдат Анарбаева:
– Патриоттық мерекелерде егемендігіміздің құндылығын ерекше түсінеміз. Сонымен қатар жастардың патриоттық рухын көтереді деп айтсам болады. Сол үшін осындай шаралардан қалмауға, қатысуға тырысамыз, – деп ойын ортаға салды.
Ту көтеру рәсімне Медеуге 1500-нан аса адам келіп, мерекелік шараға қатысты. Жиналған жұрттың жүзінен ерекше көңіл-күйді аңғаруға болады. Себебі олар жаңа ғана мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсіміне қатысты.
Бүгін Алматыда мерекеге орай дрондар шоуы өтеді. Шара сағат 21:00-де Абай алаңында, ал 21:30-да «Астана» алаңында 500-ден астам дрон синхронды түрде көкке көтеріліп, ұлттық мәдениет элементтері мен ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелейтін 3D бейнелер жасайды. Мерекелік шара жарық қондырғылары музыкалық шығармалармен сүйемелденеді, бұл ұлттық бірлік пен мақтаныш рухын айшықтайды.
Бұған қоса, сағат 20:00-де Республика күніне орай «Көктөбе» телемұнарасында мерекелік сәулеттік жарықтандыру қосылады. Айта кетсек, телемұнараның жарықтандыру жүйесі 30 тамызда іске қосылып, Алматының маңызды нысандарының бірі ретінде жаңартылған.