Діни қызметкерлер жиналғандармен бірге дұға етіп, бейбітшілік пен келісімнің маңызы туралы уағыздар оқыды. Мемориалға келушілер үшін мешіттерде түскі еске алу астары ұйымдастырылып, көлік дайындалды. Бүгін қала мешіттерінде құрбандық шалу рәсімдері де өтті.
Еске салса, бұрындары Алматы әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандарды еске алу үшін Алматының Орталық мешітінде құран бағыштап, "Құрбан шалу" рәсімін жасаған болатын.
Мешітке келгендердің қатарында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов, "Ана тілі" газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, республикалық "Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының төрағасы Ақан Бижанов, "Жұлдыз" журналының бас редакторы Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек және т.б. бар.