Түркістан облысында бірнеше ауылды су басты

Түркістан облысында бірнеше ауылды су басты
Қазығұрт ауданы әкімдігі

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында нөсер жауыннан кейін бірнеше елді мекенде көшелер мен аулаларды су басты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Түркістан облысы ТЖД мәліметінше, 1 қазанда Ақбастау ауылында жауын-шашын салдарынан көшелер мен тұрғын үйлердің жертөлелеріне су жиналған. Таулы аймақтағы су төмен қарай ағып, Қосағаш, Қызылсеңгір және Тұрбат ауылдарына да жеткен.

Әлеуметтік желіде тараған видеолардан ауылдарды жалғайтын жолдар мен елді мекен көшелерін су басқанын көруге болады.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, оқиға орнына 9 арнайы техника мен 64 адам жұмылдырылған. Қазір сел салдарын жою, аумақтарды тазарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша адам шығыны мен бүлінген үйлер тіркелмеген.