Арба жөндеу шеберханасы 470 мүгедек адамға қызмет көрсетуде. Бұл турал Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2023 жылы кресло-арбаларды жөндеу бойынша кемінде 600 қызмет көрсету жоспарлануда.
– Мүгедек жандарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға қосымша «Инватакси» қызметтері ұсынылады. «Инватакси» қызметімен қамтамасыз ету 100 автокөлікке мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асырып келеміз. Сондай-ақ, «Яндекс такси» такси агрегаторы арқылы қызметті іске қосу бойынша пилоттық жоба іске қосылуда. Осылайша қаладағы мүгедектігі бар азаматтардың жүруіне қолайлы жағдай жасауға барынша күш салудамыз, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Бұдан басқа Алматы қаласында мүгедек адамдарды жан-жақты қолдау және оларды қоғамға интеграциялау үшін қалада 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істеп келеді.
– Ағымдағы жылы Алматы қаласы әкімінің «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы» әлеуметтік жобасын ауқымын кеңейту жөніндегі тапсырмаға орай, қала бойынша 7 орталық ашу жөнінде шешім қабылданды. Жыл басынан бері «Ten Qogam» орталықтарында 3 065 адамға қызмет көрсетілді, – деді Бауыржан Жаубасов.