Алматыда күзгі-қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтіледі

Ақтоты Жапатова 02 қаз. 2025 18:50

Алматыда қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күзгі-қысқы маусымда қаланың тұрақты жұмысын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Алмасхан Сматлаев өзгермелі климат жағдайында қауіп-қатерді уақытылы анықтап, оны азайтудың маңыздылығын атап өтіп, азаматтық қорғау қызметтері мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының айқын болуы қажеттігін жеткізді.

Алматы қаласы ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Дамир Ермағамбетов қысқы кезеңге дайындық, су тасқыны мен көшкін қаупінің алдын алу шаралары, шомылу маусымының қорытындылары, өрт қауіпсіздігі, жалпықалалық сейсмикалық дайындық, сондай-ақ улы заттар сақталатын нысандардағы қауіпсіздік мәселесі туралы баяндады.

Отырыс соңында мемлекеттік органдарға қала тұрғындарын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырма берілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар