Алматыда "Меркур Тауэрс" тұрғын үй кешенінің күзетшісін бірнеше рет көлігімен қағып, соққыға жыққан күдіктіге қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған іс бойынша сот отырысы жабық форматта өтіп жатыр. Мұндай шешім күдіктіге әлеуметтік желі арқылы танысы жайлы порнографиялық мазмұндағы материалдарды таратты деген қосымша айып тағылуына байланысты қабылданған.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы депутаттың ұлына қатысты қылмыстық іс Алматы сотының қарауына жіберілген еді.
"Алматы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5) тармағы ("Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру") және 147-бабы 5-бөлігі ("Адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз тарату") бойынша сотқа берілген Т.-ға қатысты қылмыстық іс келіп түсті. Бірінші эпизод бойынша сотталушы 2024 жылдың наурызында Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің күзетшісін өлтірді деп айыпталып отыр", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар тергеу сотталушыға өзінің танысы А.-ның қатысуымен түсірілген порнографиялық бейнематериалдарды әлеуметтік желілер арқылы таратты деген айып таққан еді.
Еске салайық, өткен жылы наурызда жол талғамайтын көлігімен Алматыдағы "Меркур Тауэрс" тұрғын үй кешенінің күзетшісін бірнеше рет қағып, кейін көлігінен түсіп оны соққыға жыққан ер адамның әрекеті видеоға түсіп қалған болатын. Күзетші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды.